Келесі жылы Жайық-Каспий каналын тереңдетуге қатысты ауқымды жұмыс басталады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Дүйсенбай Тұрғанов еліміздегі трансшекаралық өзендердің едәуір таяздығына байланысты кеме қатынасында біраз қиындықтар болғанын айтты.
«Жайық өзенінде де осындай проблема бар. Судың деңгейі төмендегендіктен, Жайық-Каспий каналындағы тереңдік 30-40 см шамасында. Соның салдарынан канал арқылы жүк тасымалы шектелген. Әсіресе, балықшылар зардап шегіп жатыр. Бұл ретте, Жайық-Каспий каналын тереңдету мен түбін тазарту жұмыстары қандай кезеңде?», - деп сұрады Д. Тұрғанов.
Өз кезегінде Көлік министрі Марат Қарабаев Жайық-Каспий каналын тереңдету жұмыстарына қаражат бөлуді Парламент қолдағанын еске салды.
«2024-2025 жылдарға арналған бюджетте 12 млрд теңге қаражат қарастырылған. Ондағы жұмыс келер жылы басталады. Біз ол жақта 1 млн 140 мың текше метр құмды шығарып, сол арнаның тереңдігін 2,5 метрге жеткіземіз. Бұл жұмыс 2025 жылы аяқталады және сол жылы осы арна Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне қосылады», - деді министр.
М.Қарабаевтың сөзіне қарағанда, бұл жоба KPI және ТШО сияқты компаниялардың экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтеді.
Тасымалдың болжамды көлемі шамамен 1 млн тонна болмақ. Келешекте кеме жүру параметрлерін тиісті деңгейде ұстау үшін тереңдеткіш техника сатып алу жоспарланып отыр.