Бұл туралы сенат кулуарында әділет вице-министрі Алма Мұқанова айтты, деп хабарлайды magystaumedia.kz сайты Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.
Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы петиция 2021 жылы басталған. Ал биыл экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісінен кейін петиция қайта жанданып, қол қоюшылар саны артты.
Петицияға қатысты журналистер Алма Мұқановаға “150 мың адам қол қойған петицияның заңды күші бар ма?” деп сұрады.
«Петицияға қатысты... Ол құжат 2021 жылы орналастырылған. Қазір оған көп адам қол қоя бастады. Оның өзі петицияларға стандартталған тәсілдер енгізілгенге дейін басталған.
Қазір өтініш беру бойынша тиісті платформа әзірленіп, регламентін реттеу рәсімінен өтіп жатыр.
Жауапкершілікті күшейтуге келер болсақ, криминализация мәселесі өте даулы. Бүгін бұл мәселеге өте салмақты тұрғыда келу керектігі талқыланды. Өйткені біз бұл отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласы екенін түсінуіміз керек. Жекелеген жағдайларды мысал етіп, шектен шығудың қажеті жоқ.
Меморгандардың қызметкерлері бүгін криминализация мен декриминализация жағынан шамамен 4 рет өзгеріс енгізілгенін айтты. Нормалар көшіп жүре берген. Бірақ әкімшілік кодекске енгеннен кейін ғана тиімді көріне бастауы мүмкін. Бұл процедура қылмыстық кодексте болғаннан гөрі тезірек жүреді. Бұл жайттарды ескеру керек, - дейді ол.
Сондай-ақ вице-министрдің айтуынша, 2021 жылы жазылған петиция процедуралық тұрғыда енгізілмейді. Қазіргі уақытта халықта петицияны легитимді платформада қайта жазуға мүмкіндік бар.
Айта кетейік, бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев Астанадағы мейрамханалардың бірінде әйелін ұрып өлтірді деген күдікпен қамауға алынған еді. Қайтыс болған Салтанат Нүкенованың ағасы Қайрат Нүкенов "Бишімбаевты ақтауға тырысқан" блогерлерді айыптай сөйлеп, экс-министрді туыстары ешқашан кешірмейтінін айтты.
Қылмыстық іске президент Қасым-Жомарт Тоқаев та назар аударып, істі ІІМ басшылығына ерекше бақылауға алуды тапсырды.