Естеріңізде болса, алғаш рет еліміз 1991 жылы сайлауда дауыс берді. Ал 1995 жылы республикалық референдум өтіп, президенттің өкілеттілігі тағы ұзартылды. Одан кейінгі сайлау 1999 жылдың 10 қаңтарында өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Сол уақытта мемлекет басшысын сайлауға елімізде 7 миллионнан астам адам қатысты. Оларлың басым көпшілігі (80 пайыздан астамы) Нұрсұлтан Назарбаевқа дауыс берді. Оның басты қарсыласы - Серікболсын Әбділдин коммунистік партияның атынан сайлауға түсіп, 12 пайыз дауыс жинады. Үшінші орынға сайлаушылардың дауыс беру нәтижесінде Ғани Қасымов тұрақтаса, Энгельс Ғаббасов төртінші орынға жайғасты.
Сайлауға дейін бірнеше ай қалғанда Парламент Мәжілісі 1998 жылдың 7 қазаны күні мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізу туралы шешімді жақтады. Сол үшін ҚР Конституциясына түзетулер енгізілді. Түзетулер шеңберінде Президенттікке түсу үшін жоғарғы жас шегі алынып тасталды, ал төменгі шегі 35-тен 40 жасқа дейін көтерілді. Содан кейін Президенттің өкілеттік мерзімі бес жылдан жеті жылға дейін ұзартылды.
Естеріңізге сала кетейік, 20 қарашада Қазақстанда кезектен тыс Президент сайлауы өтеді.