Бұл күні Республика күні болып тойланбақ, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кинематография және мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы күн тәртібіне шығарылды.
Депутаттар Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 маусымдағы Ұлттық Құрылтай отырысында берген тапсырмасын орындау мақсатында «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Қазақстан Республикасының заңына бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізуді ұсынды. Соның бірі- 25 қазанды мемлекеттік мереке – Республика күні деп белгілеу.
Бұған дейін отырыста сөз алған депутаттар 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күнін де мерекелеуді Мемлекеттік рәміздер күні, Алғыс айту күні және басқа да әлеуметтік маңызы бар әлеуеті жоғары даталармен салыстырып белгілеуді ұсынған болатын. Яғни, оны мемлекеттік мерекелер сапынан алып тастауға ұсыныс жасалынған еді.
Еске салайық, 2022 жылғы 16 маусымда өткен Ұлттық Құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күнін қайта жаңғырту және оған мемлекеттік мереке мәртебесін беру туралы бастама көтерген болатын.
«Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Естеріңізге сала кетейін, 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданған болатын. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы алғашқы қадамы еді. Бұл құжатты қабылдауда Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев өте маңызды рөл атқарды», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.