Саясаттанушы Самат Нұртаза Қазақстандағы ауыл әкімдерін сайлаудағы жаңашылдықты қолдайды.
Оның айтуынша, Мемлекет жауапкершілікті халықпен бөлісіп жатыр.
«Мысалы, бұрын ауылға облыстан немесе Астанадан бір әкімді жіберетін, яғни ауыл тұрғындары қаласа да, қаламаса да сол адам әкім болатын. Ол адам ауылдың жағдайын біле ме, білмей ме бұл жағы ескерусіз қалатын. Қазір жағдай өзгерді. Енді ауыл халқы өздерінің ішінен әкім сайлап ала алады. Ертең сол адам қызметін тиісті деңгейде алып жүре алмаса, онда ауыл адамдары билікке ренжи алмайды. Яғни, ауыл әкімдерін сайлау- биліктің халықпен жауапкершілікті бөлісуі»,-дейді Самат Нұртаза.
Сонымен қатар, ол сайланған әкімдердің бір пайызы жұмысын алып кете алмаса, бәріне күйе жағылатынын атап өтті.
«Статистика жүгінер болсам, Қазақстанда 770-тен астам ауыл бар екен. Біз бәріне дайын болуымыз керек. Егер сайланған әкімдердің 99 пайызы жұмыс істеп кетіп, қалған бір пайызы өзіне жүктелген міндетті алып жүре алмаса, жемқорлықпен ұсталса, онда күйе бәріне жағылады. Сондықтан, сайланатын әкімдерге артылатын жүк ауыр»,- дейді сарапшы.
Спикер ауыл әкімдерін сайлаудағы жаңашылдықты қолдайтынын атап өтті.
«Дұрыс жоба, дұрыс қадам. Ауыл әкімдері сайлануы керек, аудан әкімдері сайлануы керек. Мені бірақ бір нәрсе мазалайды, ол- рушылдық. Біздің қоғамда өкінішке орай ол бар. Сондықтан сайланатын адамның биографиясы мен географиясына емес оның іскерлігіне қарау керек»,-деп қортындылады ол.