Кеше маңғыстаулықтар «Бала дауысы» ән байқауының гран при иегері Армен Саакянды әуежайдан күтіп алды - деп хабарлайды mangystaumеdia.kz сайты.
Байқауда топ жарған маңғыстаулық өнерпазды ата-анасы, туыстары, ұстазы және облыстық филормонияның мамандары құшақ гүлмен қарсы алды.
«Қолдауларыңыз бен қобалжуларыңызға, жылы сөздеріңіз бен тілектеріңізге көп рақмет айтамын. Мен байқауда жеңіске жететінімді сездім және оған сендім. Мен үшін бәрін жасаған ата-анам мен ұстазым Нұргүл Медербековаға ерекше алғыс білдіремін. Мен сіздерді жақсы көремін», - деп жеңісті сәттерімен бөлісті Армен Саакян.
Армен Саакян ақтық сында «Самға» әнін орындаған болатын. Осылайша ол әділқазы алқасының жоғары ұпайына ие болып, жеңіске жетті. Байқау жеңімпазына «Шабыт» ұлттық өнер университетінің гранты және Диснейлендке жолдама берілді.
Айта кетейік, «Бала дауысы» байқауының V маусымына 8 және 12 жас аралығындағы 4 135 бала қатысқан болатын. Соның ішінде 20 өнерпаз финалға жолдама алып, өз өнерін көрсетті.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН