ҚР ДСМ Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдай жедел орталығының директоры Альберт Асқаров елімізде қандай эпидемиологиялық ахуал орын алғандығын айтып берді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Жалпы, қазіргі уақытта Қазақстан Республикасындағы COVID-19 бойынша ағымдағы эпидемиологиялық ахуалды тұрақты деп бағалауға болады. Республикада індет басталған сәттен бастап осы жылдың 6 қазанына дейін COVID-19-дың нақтыланған 108 296, оның ішінде соңғы тәулікте 60 жағдайы тіркелді. Өсім 0,06 пайыздан да төмен. Бұған қоса, жалпы республика бойынша республика бойынша соңғы 10 күнде коронавирусқа шалдығудың тәуліктің өсімі 0,06 пайыздан аспайды. Бірқатар өңірде, атап айтқанда Ақтөбе мен Қызылорда облыстарында соңғы 3 тәулік бойы бірде-бір коронавирус инфекциясына шалдығу дерегі тіркелген жоқ. Өңірлердің көпшілігнде бірен-саран ғана жағдай тіркеліп отыр. COVID-19-дан өлім-жітім саны да күрт қысқарды. Соңғы тәулікте 3 науқас қайтыс болды. Барлық науқастардың 95 пайызы немесе 103 367 адам, оның ішінде соңғы тәулікте 90 адам жазылып шықты», - деді Альберт Асқаров.
Сонымен қатар жедел орталық директоры елімізде коронавирус індетінің жаңа толқынының орын алуына қатысты алаңдаушылыққа орай пікірін білдіріп өтті.
«Әлемнің Чехия, Франция, Нидерланд, Венгрия, Израиль сынды көптеген елдерде, сондай-ақ ТМД бойынша Украина, Грузия сынды көршілес мемлекеттерде қазірдің өзінде COVID-19-дың екінші толқыны келгенін ауруға шалдыққандар статистикасы көрсетіп отыр. Болжамдарға қарағанда Қазақстан Республикасында коронавирус індетінің екінші толқыны қараша-желтоқсан айларында орын алып қалуы ықтимал. Бұл орайда денсаулық сақтау органдары мен ұйымдардың COVID-19-дың жаңа толқынына дайын екендігін атап өткен жөн. Қажетті дәрі-дәрмек, өкпені жасанды желдету аппараттары, жеке қорғаныс құралдары, медициналық құрал жабдықтар мен медициналық мақсаттағы бұйымдар сатып алынып, қор құрылды», - деді ол.
Оның атап өтуінше, еліміздің бірқатар өңірінде моульдік жаңа жұқпалы аурулар ауруханалары салынып жатыр. Ауру өршіген жағдайға провизорлық, инфекциялық және реанимациялық төсек-орын қоры құрылды. Соңғы әлемдік тәжірибеге сәйкес, коронавирус індетін жұқтырған науқастарды емдеу хаттамасына өзгертулер енгізілді. Алдын алу және эпидемияға қарсышаралар жүргізу алгоритмі қайта қаралды.
«Онлайн режимде медицина қызметкерлерін оқыту тұрақты түрде жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар коронавирус індетінің жаңа толқынына дайындықты арттыруға бағытталған өзге де шаралар жүзеге асырылуда», - деді Альберт Асқаров.