ҚМА Алматы облысы бойынша Департаменті Қазақстан, ТМД және алыс шет ел аумағында жұмыс істеген «1WIN» онлайн-казиносының заңсыз қызметіне қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Онлайн-платформа заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырумен қатар, мыңдаған отандасты тартып, тиісті лицензиясыз букмекерлік қызмет көрсеткен.
Ақшалай қаражат интернет-эквайринг арқылы аутентификациясыз қабылданған. Бұл тіпті кәмелетке толмағандарға да құмар ойындарға қатысуға мүмкіндік берді.
2023 жылдың өзінде-ақ онлайн-казино айналымы шамамен 4 млрд теңгеге жеткен.
Тергеу жалғасуда, онлайн-казино сайты бұғатталды, төрт ұйымдастырушы халықаралық іздеуге жарияланды. Тәркіленуге жататын мүлікке және жалпы сомасы 1,5 млрд теңге ақшалай қаражатқа тыйым салынды. Сондай-ақ «Mercedes-Maybach S500» және «Lamborghini Huracan» автокөліктері тәркіленді.
ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге де ақпарат жария етілуге жатпайды.
Қаржылық мониторинг агенттігі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес елде онлайн-казино қызметіне тыйым салынғанын, ал букмекерлік қызметтер тиісті лицензия болған жағдайда ғана көрсетілетінін ескертеді.
Сондай-ақ Агенттіктің «АФМ Insider» телеграм-ботына экономикалық құқық бұзушылық фактілері туралы хабарлауыңызға болатынын естеріңізге саламыз.