Бүгін Шаңырақ күніне орай ақтаулық депутаттар мен «Аналар кеңесінің» өкілдері аналар мен сәбилерге сыйлықтар табыстап, Наурыз мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мерекеге орай арнайы ұйымдастырылған жиында Ақтау қалалық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімі, Ақтау қалалық мәслихат депутаттары мен қалалық «Аналар кеңесінің» өкілдері 34 шағынаудан «Ана мен бала» орталығындағы жаңа босанған аналарға гүл, тәттілер мен сәбилеріне киім алуға дүкенге сертификат табыстады.
- Әр отбасында ананың рөлі ерекше. Аналарға қай кезде де құрмет көрсетілу керек. Әр шаңыраққа бақ пен береке, бірлік пен татулық тілеймін. Жыл құтты болсын!, - деді Ақтау қалалық мәслихатының депутаты Манарбек Бисекенов.
Ақтау қалалық «Аналар кеңесінің» өкілдері де аналарды құттықтап, ізгі ниеттерін білдірді.
-Біз жылдағы дәстүріміз бойынша жас босанған әйелдерге, келіншектерге, аналарға келіп өзіміздің құттықтауларымызды жеткізіп отырмыз. Аналарға кішігірім сыйлықтарымызды табыстадық. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!, - деді Ақтау қалалық «Аналар кеңесінің» төрайымы Гүлзира Есетова.
- Наурыз мерекесінде дүниеге келген сәбилердің бауы берік болсын. Аналардың да балалардың да дені сау болсын. Құттықтап келгендерге алғысым шексіз. Наурыз мерекесі құтты болсын, - деді алтыншы баласын дүниеге әкелген Гаухар Райханова.
«Ана мен бала» орталығының бөлім меңгерушісі Зухра Елубаеваның айтуынша, аталған орталықта бір тәулікте 25-30 сәби дүниеге келеді.
- Біздің мамандар ана мен баланың денсаулығын қадағалап отырады. Кеше 31 сәби дүниеге келді. Аналардың барлығының көңіл-күйі жақсы, - деді «Ана мен бала» орталығының бөлім меңгерушісі Зухра Елубаева.