Аққайтым станциясына модульді үй-жай орнатылды, деп хабарлайды rail-news.kz/kz
Шалқар жол дистанциясы қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету үшін тағы бір жылжымалы ғимаратты пайдалануға берді. Теміржолшыларының тұруы мен демалуына арналған жылжымалы ғимаратта барлық жағдай жасалған. Шалқар жол дистанциясының басшысы Серік Минайдаровтың айтуынша, онда 10 адамның өмір сүру мүмкіндігі бар. Іші жиһаз, тұрмыстық техника, душ кабиналарымен және қажетті заттармен жабдықталған. Ғимарат инженерлік коммуникацияларға қосылған. Кез келген климаттық жағдайда тұру мүмкіндігі қарастырылған.
«Тұрмыстық жылжымалы ғимарат негізі үнемі жол бойында жүретін жолшыларға арналған. Сонымен қатар жолдағы түрлі ақауларды жөндеу, тексеру жұмыстарын өткізетін желілік кәсіпорын теміржолшылары да пайдаланады. Іші толықтай заманауи үлгіде. Барлық заманауи техникаларымен қамтамасыз етілген», – дейді дистанция басшысы.
Аққайтым станциясының теміржолшылары бұл жаңалықты қуана қабылдады. Қазіргі таңда Ақтөбе магистральдық желі бөлімшесі бойынша жұмысшыларға қолайлы еңбек жағдайын ұйымдастыру мақсатында 23 тұрмыстық жылжымалы ғимараттар орнатылған.
Ардақ Ерубаева,
Ақтөбе