Маңғыстау – шөлейтті аймақ, өңірде ағынды су тапшы. Оның үстіне соңғы жылдары Ақтауда жаңа тұрғын үйлер салынып, қала едәуір өсіп келеді. Бұл онсыз да бұған дейін өзекті болып тұрған ауыз су мәселесін одан әрі тереңдете түсері сөзсіз. Таяуда «AMANAT» партиясының Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің отырысында ауыз суды үнемдеу мәселесі мен энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қабылдап жатқан шаралары талқыланды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыз суды барынша үнемдеу керек деген тапсырмасы өзекті. Маңғыстау облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы тарапынан да аталған бағытта бірқатар жұмыс атқарылып келеді.
Талқылау алаңында Маңғыстау облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Бексұлтан Шалабаев автокөлік жуу орталығы бар кәсіп иелеріне бірнеше ұсыныстары барын жеткізді. Яғни, ендігі жерде көлік жуу үшін тек техникалық суды пайдалану немесе суды қайта өңдеп қолдану, сондай-ақ, ауыз суды пайдаланған жағдайда кәсіпкерлер үшін тарифті қымбаттату туралы ұсыныстарын айтты.
Бүгінде қаладағы 64 автокөлік жуу орталығы тәулігіне 600 текше метр ауыз су пайдаланып отыр. Ал, Ақтау қаласындағы екі ағынды суды тазарту қондырғысына 40 мың м3 кәріз суы құйылады. Сол кәріз суынан 38 мың м3 таза су шығады.
– Инвестор арқылы сол тазарған судың 17 мың текше метрін Ақтау қаласын көгалдандыруға бермекпіз. Сондай-ақ, автокөлік жуу орталықтарына тәулігіне 1000 м3 тазартылған су беретін боламыз. Бұл автокөлік жуу орталықтары пайдаланып отырған 600 м3 ауыз суды үнемдеуге жол ашады, – деп атап өтті Бексұлтан Айбекұлы.
Яғни, 2025 жылдан бастап көлік жуу орталықтары үшін ауыз суды пайдалануға шектеу қойылмақ. Бұл – ауыз суды үнемдеудің бір жолы, – дейді мамандар.
"Маңғыстау" газеті (19 наурыз күнгі нөмері)