Ақтауда теңіз жағалауындағы «Балдәурен» балалар демалысы базасында 3 күндік шатырлы лагерь өз жұмысын бастады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Облыстық білім басқармасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, 4 ауысымдық лагерь 1-14 тамыз аралығында ұйымдастырылады.
Теңіз жағалауына киіз үй үлгісінде алты шатыр тігіліп, төрт мезгіл тамақ ұйымдастырылады.
«Лагерьге дарынды оқушылар, экологиялық және туристік - өлкетану бағытындағы республикалық, облыстық шаралардың жеңімпаздары, әлеуметтік қолдауға жататын отбасы балаларынан, барлығы 400 оқушы қамтылады.
Лагерь бағдарламасына сәйкес, балалар өрттен, судан сақтану қауіпсіздік ережелерімен, картамен жұмыс жасау, кедергілерден өту, шатыр тігу, алау жағу, төтенше жағдайларда өз - өзіне қызмет көрсету дағдыларын үйренеді», - деп жазылған білім басқармасы таратқан ақпаратта.
Сондай-ақ «Таза жағалау» экологиялық акциясы жүргізіліп, жағалауға тазалық жұмыстары жасалынады.
Балалар лагерьдің Қазақстанның ең терең ойпатында орналасқан таңғажайып табиғаттың ерекше туындысы лабиринттер мен аркалардың әлеміне айналған «Ыбықты-Сай» шатқалына саяхатқа шығады.