Қарақия ауданының әкімі Сымбат Төретаев аудан орталығында жүзеге асып жатқан жобалар мен абаттандыру жұмыстарының іске асу барысын бақылады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
«Жастар орталығынан кейін аудан әкімі «КМНГР» саябағында жүргізіліп жатырған абаттандыру жұмыстарымен танысты. Аталған саябақ ауылымыздың көрнекі жерлерінің бірі болуы және ауыл тұрғындарына көгалдандырылған әдемі саябақ болуы үшін, жоғары деңгейде тиісті жұмыстар жасалуы қажет екендігін айтып өтті. Сонымен қатар, «қоғамдық базардың» құрылыс жұмыстарын сапалы, әрі уақытылы аяқтауды және күзгі науқанда аталған нысанда жергілікті егіншілердің жеміс-жидектерімен көкіністері сатылуы қажет екендігін жеткізді. Аталған қос нысанның абаттандыру жұмыстарын «Оптима Строй» ЖШС жүргізіп жатыр», - деп жазылған аудан әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Аудан әкімінің есептік кездесулерінде тұрғындар тарапынан бірқатар мәселелер көтерілген болатын, сол мәселенің бірі — «Автобаза» көшесіндегі электр желілерінің ескіруі. Аталған мәселені оңтайлы шешу мақсатында, бюджеттік өтінім беріліп, қаржыға қолдау табылған болатын. Бүгінде құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бүгінгі күні жаңадан бағаналар қойылып, жаңа электр сымдары тартылып жатыр. Ал бұрынғы ескі бағаларға демонтаж жұмыстары жүргізілетін болады.
Аудан басшысы тиісті сала басшыларына тез арада «Қазақ ауыл» көшесі және «Қарақия станциясы», «Маңғыстау жері» елдімекеніндегі ауа райының қолайсыз кезеңдерінде электр энергиясы бойынша орын алатын келеңсіздіктерді толығымен жою үшін нақты шаралар қабылдауды тапсырды.