Ақтауда 26-шағынауданда орналасқан «Қасиет»медицина орталығының алдындағы автотұрақта ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтіп жатыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Маңғыстау облысы әкімдігінің тапсырмасына сәйкес Ақтау қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткізіліп жатқан жәрмеңкеге 50-ден астам кәсіпкер қатысуда. Ақтау қалалық кәсіпкерлер және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрсейіт Айладырдың айтуынша, жәрмеңкені ұйымдастырудың басты мақсаты - халыққа қолжетімді әрі сапалы азық-түлік тауарларын ұсыну.
-Әр сенбі сайынғы жәрмеңкеге жиналатын тұрғындардың саны аз емес. Осыған дейін бұл жәрмеңке тек сенбі күні болатын. Енді халық сұранысына сай жексенбі күні де өткізу туралы жоспарлап жатырмыз. Бұл жәрмеңкенің тиімділігі - азық-түліктер нарықтағы бағасына қарағанда 10-15 пайызға арзан, - деді Нұрсейіт Айладыр.
Жәрмеңке ұйымдастырушысы «Каспий» ӘКК» АҚ мекемесінің жобаларды басқару жөніндегі директоры Жадыра Бекарысқызының мәліметінше, бүгінгі сауда-саттыққа ат салысып жатқан кәсіпкерлердің арасында жергілікті 10-нан астам өндірушілер мен көтерме жеткізушілер өз өнімдерін саудалап жатыр.
-Жәрмеңке тауарларының арасында күріш, сұйық май, құмшекер, сәбіз, макарон және тағы да басқа қажетті азық-түліктер бар. Оның арасына Маңғыстау облысы аймағында өндірілетін өнімдерді де шығарып жатырмыз. Сол себепті, қала тұрғындарын арзан бағада азық-түлік алуға шақырамын, - деді Жадыра Бекарысқызы.
Жәрмеңкеге келген халық қарасы көп. Арасында Ақтау қаласының тұрғыны Ғалия Ғалымжанқызы да бар. Сенбі сайын керекті өнімдерін жәрмеңкеден алатын ол бағаның біршама төмен екеніне дән риза екенін айтты.
-Осындай жәрмеңкелерге келуге тырысамын. Себебі, бағалары дүкендермен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Мысалы, қызанақты нарықтағы бағадан 200 теңгеге арзан алдым. Сол арқылы біршама қаражатымды үнемеудемін, - деді Ғалия Ғалымжанқызы.