22 қыркүйек - ҚР халықтарының тілдер күні. Атаулы мерекеге орай, орталық коммуникациялар қызметі Маңғыстау облыстық филиалы алаңында өңірлік тілдерді дамыту, мұрағаттар мен құжаттама басқармасының басшысы Гүлзаида Төлеуғалиеваның қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.
«Басқарманың басты міндеті - мемлекеттік тіл саясатын, архивтік істер мен құжаттар құруда біртұтас мемлекеттік саясатты тиімді іске асыру. Сонымен қоса мемлекеттік тілге басымдық бере отырып Маңғыстау облысы аумағында архивтік қорлардың сақталуын, толықтырылуын, есепке алынуын, қорғалуын және оларды пайдалануды қамтамасыз ету болып табылады. Елбасы бекіткен «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» төрт бағыт бойынша жүзеге асады. Олар - мемлекеттік тілді меңгеру, көпшіліктің қолдануына қол жеткізу және оның пайдалану аясын кеңейту, қазақстандықтардың тіл мәдениетінің деңгейін арттыру, лингвистикалық капиталды дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау. Біздің өңірде тілдерді оқытудың мемлекеттік орталығы жоқ. Соған қарамастан 2014 жылдан бастап жыл сайын қазақ тілін үйрену үшін барлық тұлғаларға мемлекеттік қолдау көрсету мақсатында мемлекеттік сатып алу тәсілімен конкурс жариялау арқылы тегін курстар ұйымдастырылып келеді. Бұл бағытта 2015 жылы 243 адам қазақ тілін тегін оқу курсынан өтті. Оларға білім деңгейлеріне қарай сертификаттар берілді. Бүгінгі таңда 250 мемлекеттік қызметшілер және мемлекеттік органдар мен ұйымдар қызметкерлері мемлекеттік және ағылшын тілдерін тегін оқып үйренуде»,-дейді басқарма басшысы.
Өңірдегі өндірістік мекемелер мен кәсіпорындар қызметкерлері мемлекеттік тілді үйренуден қалыс қалмауда. Биыл өндіріс саласындағы 268 маманға қазақ тілін тегін оқытып - үйрету сабақтары ұйымдастырылды. Қазіргі таңда басқарманың мемлекеттік-әлеуметтік тапсырысы аясында мемлекеттік тілді қолдану деңгейіне әлеуметтік зерттеу жүргізіліп келеді. Зерттеу нәтижесінде мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындар үлесі 93,02%, орыс тілін меңгергендер үлесі 45,67%, ал ағылшын тілін игергендер 5,69%-ды құраған.
«Қазтест» - қазақ тілін бағалаудың ғылыми жолға қойылған Қазақстандағы бірден бір тетігі. «Қазтест» жүйесі арқылы мемлекеттік тілді В1 деңгейінде меңгерген мемлекеттік қызметшілер үлесін анықтау мақсатында 2016 жылы маусым айында 1120 мемлекеттік қызметшілер мен мемлекеттік ұйымдар қызметкерлері «Қазтест» жүйесі арқылы тестілеуден өткен. Нәтижесінде 114-і қарапайым (А1), 478-і базалық (А2), 354-і орта (В1), 167-сі ортадан жоғары (В2), 7-еуі ғана жоғары (С1) деңгейді көрсеткен екен.
Облыс бойынша барлығы 143 орта білім беру мекемелері бар. Оның ішінде 117 мектеп қазақ тілінде, 22-і қазақ-орыс тілдерінде, 4-і орыс тілінде білім береді. 2012 – 2013 оқу жылдарында барлығы 126 орта білім беру мектептерінің 108 –і ғана қазақ тілінде білім берсе, ондағы өзге ұлт балаларының саны 257-ні құраған. Ал, қазіргі таңда қазақ мектептеріне білім алып жүрген өзге этностар өкілдері 400-ге жақындап отыр. Облысымызда барлығы 243 балабақша бар, оның 207-і қазақ тілінде, 29-ы қазақ-орыс тілдерінде және 7-і орыс тілінде тәрбие береді. 2015 – 2016 оқу жылдары облыс көлеміндегі 243 балабақшада 2382 бала өзге ұлттар балалары болған. Ал қазақ топтарында тәрбиеленіп жүрген өзге ұлт балаларының саны бүгінде 500-ге жуық баланы құрап отыр.
«Мемлекеттік тілді дамыту және насихаттау ісінде бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі ерекше. Өңір бойынша БАҚ-тағы қазақ тіліндегі контенттің үлесі 90,4%-ды құрайды. Облыс аумағында бүгінгі таңда 37 БАҚ қызмет етеді. 2015 жылдан бері жергілікті «Қазақстан-Ақтау» телеарнасында белсенді тұлғалар және қазақ тілін еркін меңгерген өзге ұлт өкілдерінің қатысуымен «Болашағы біртұтас ел» телебағдарламасы көрерменге жол тартты. Бағдарлама өзге этнос өкілдері, патриот жастармен кездесу, қазақ тілін үйретуге арналған «Тілашар», жұртшылықты жаңа терминдермен таныстыру «Терминологиялық хабаршы» айдарынан құралған. Бұл бағдарлама биыл өз жалғасын табады»,-деп атап өтті Г.Төлеуғалиева.
Облыстық тілдерді дамыту, мұрағаттар мен құжаттама басқарма жанында онамастикалық комиссия қызмет етеді. Комиссия отырысы тоқсанына бір рет өткізіледі. Биыл Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай ҚР Үкіметінің 24.02.2014 жылғы №138 қаулысымен бекітілген қағидаға сәйкес, облыс аумағында 64 көшеге Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің есімдерін беру туралы ұсыныстар облыстық ономастика комиссиясында қаралып, оң қорытындыға ие болды.
Бүгінде облыс орталығында 21 этномәдени бірлестік бар. Этномәдени бірлестіктер жанындағы жексенбілік мектептерде ұлттық тілдерді және қазақ тілін оқытуға мемлекет және басқарма тарапынан зор қолдау көрсетілген. Жексенбілік мектептерді оқу-әдістемелік құралдармен қамтамасыз ету мақсатында 300 -ден астам оқулықтар мен кітаптар таратылды. Сонымен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Достық үйіндегі» кітапхана 250-ден аса әртүрлі ұлттардың әдеби көркем шығармаларымен, қазақ, ағылшын тілдерін үйренуге арналған оқулықтармен және салалық сөздіктермен толықтырылды. Сондай-ақ, татар, дағыстан, армян ұлттарының жексенбілік мектептері 250-ден астам оқу – әдістемелік құралдармен қамтылды.
Биыл ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында жастар арасында «Тілдердің үш тұғырлығы» жобасын жүзеге асыру жоспарланған. Қазақ, орыс және ағылшын тілін жетік меңгерген қабілетті жастарға қолдау көрсету, мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру, іскерлік және халықаралық қарым-қатынас құралы ретіндегі тілдерді меңгеру деңгейін арттыру мақсатында түрлі сайыстар өткізілмек. Мемлекет және қоғам қайраткері Ә. Кекілбайұлының шығармашылығына арналған облыстық байқау, Оралхан Бөкей атындағы он сегізінші республикалық байқауының облыстық іріктеу кезеңі және «Астана күні» мерекесіне орай «Жырлаймын сені, Астана» тақырыбында жас ақындар мүшайрасы облыстық байқаулары ұйымдастырылды.
Басқарма тарапынан «Тәуелсіздік-мызғымас мәңгілік тірегіміз» мұрағаттық құжаттар көрмесі, Алаш қозғалысына 100 жыл толуына орай «Азаттық аңсап өткен Алаш арыстары» облыстық байқауы, «Тербейін Тәуелсіздік тал бесігін» жас ақындар мүшәйрасы, «Мәңгілік ел – Мәртебелі тіл» республикалық патриоттар форумын өткізу жоспарлануда.
Голрох Жеменей