«Маңғыстау облыстық Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігі («МОАА» ЗТБ) Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялық және инжиниринг университетінің мәжіліс залында «Мемлекеттік қызметтің Қазақстандық моделі және қызметтік әдеп ережелері» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы «Азаматтық бақылау» жобасы аясында ұйымдастырылған бұл шараға жергілікті мемлекеттік органдар, ҮЕҰ, бизнес және академиялық қауымдастық өкілдері қатысты.
Шараны ашып, жүргізіп отырған «Маңғыстау облыстық Азаматтық альянсы» ЗТБ президенті Жібек Ахметова конференцияның мақсаты—мемлекеттік қызметтің қазақстандық моделінің қалыптасуы және мемлекеттік қызмет институтының қоғамдағы рөлі мен миссиясын түсіндіру екендігін қаперге берді.
Конференцияда ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының бас маманы Ербол Жұмабай «Мемлекеттік қызметтің жаңа моделін жүзеге асыру» тақырыбында баяндама жасады. «Мемлекеттік қызметтің жаңа моделі бірінші кезекте «мемлекеттік қызмет» ұғымын жаңғыртуды көздейді. Мемлекеттік қызмет «ұлтқа (қоғамға) қызмет ету» ұғымының синонимі болуға және мемлекеттік қызметтерді тұтынушы болып табылатын халыққа бағытталуға тиіс.
Мемлекеттік қызметтің жаңа моделі оны кәсібилендірудің басты факторы болып табылатын адами фактордың маңыздылығын тануға және тиімді кадр жұмысын жүргізуге бағдарланған.
Сонымен бірге тиімді кадр тетіктерін — мемлекеттік қызметке кірудің тиімді әрі айқын тәртібін, үздіксіз кәсіби даму мүмкіндігін, жұмыс нәтижелері мен ынталандыру жүйесінің өзара байланысын қалыптастыруға бағытталған.
Мемлекеттік қызметтің жаңа моделінде мемлекеттік саясаттың тиімді іске асырылуын кәсіби тұрғыдан қамтамасыз ететін жоғары мемлекеттік әкімшілік қызметшілер корпусы қалыптастырылып, мемлекеттік қызметке кіру және оны атқару тетіктері түбегейлі жетілдірілген», деген баяндамашы мемлекеттік қызметшілердің оң имиджі және мінез-құлық этикасы мемлекеттік қызметтің жаңа моделін қалыптастырудың үш тұғырлы мақсаты болып табылатынын айтты. Одан әрі мемлекеттік қызмет жүйесіне, кадр мәселесіне егжей-тегжейлі тоқталған Ербол Көбейсінұлы мемлекеттік қызметтің жаңа қазақстандық моделі және әдеп ережелерінің негізгі қағидалары туралы жеткілікті мағлұмат берді.
Сондай-ақ конференцияда Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің «Доцент» кафедрасының менеджері Ғалия Бермұхамедова «Мемлекеттік қызметкерлердің қазақстандық моделін жетілдіруде шетелдік тәжірибені қолдану туралы», сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының Маңғыстау облысы бойынша департаментінің бас маман-заңгері Ақмарал Сванбаева «Заманауи сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат» жайында баяндаса, «Жастар жетістіктері» қоғамдық қорының директоры Жақсыгүл Маханбетова «Мемлекеттік қызмет институтының қазақстандық моделінің қалыптасуындағы азаматтық қоғамның атсалысуы» тақырыбын жан-жақты ашып, нақты мысалдармен әңгімеледі.
«Мемлекеттік қызметтің Қазақстандық моделін қалыптастырудағы мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру орталығының рөлі және олардың әлеуетін арттырудағы жаңа бағыттар» жөнінде баяндаған тілдерді оқыту, мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру өңірлік орталығының оқу-әдістемелік бөлім меңгерушісі Гүлнар Әбдиева бүгінгі заман талабы да, заң талабы да мемлекеттік қызмет саласында жұмыс істейтін мемлекеттік қызметшілерден өздерінің қызметі мен міндеттеріне жаңаша көзқараспен, ерекше жауапкершілікпен қарауды талап ететінін атап өтті. «Маңғыстау облысы әкімдігінің Тілдерді оқыту, мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру өңірлік орталығы соңғы 10 жылда облысымыздың мемлекеттік қызметшілерінің біліктілігін арттыру, оларды қайта даярлау мәселесімен айналысуда,-деді ол. Орталықтың жұмыс жоспары, мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау курстарының және біліктілік арттыру семинарларының оқу-жоспары Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті және Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясымен келісіле жүргізіледі. Мемлекеттік қызметтің қазақстандық моделін қалыптастыру аясында дәрістердің модульдік тақырыптарын жаңартып отыру, өту методикасын түрлендіру басты назарға алынады. Елімізде әр салада жүргізіліп жатқан модернизация, реформаларға сәйкес және мемлекеттік органдар мен Үкіметтік емес ұйымдардың сұраныстарын ескере отырып, оқу жоспарына жаңа тақырыптар енгіздік. Мысалы, «Азаматтарға арналған Үкімет»-халыққа қызмет көрсету провайдері»; «Әлеуметтік-экономикалық процестерді қаржылық реттеу»; «Зияткерлік меншік құқықтарын сақтау»; «Әділет органдарымен көрсетілетін электронды қызметтер»; «Ұлт жоспары- Қазақстандық арманға бастайтын жол» тақырыптары бар. Орталықта дәріс оқуға құзыретті мекемелерден, облыстық басқармалардан, орталық уәкілетті органдардан, Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технология және инжиниринг университетінен, «Нұр Отан» МОФ, Үкіметтік емес ұйымдардан және психологиялық орталықтардан 45 дәріскер тартылып отыр. Дәріскерлердің құрамы негізінен мемлекеттік қызметте еңбек өтілі мен тәжірибесі бар басшылық лауазымдағы, сонымен қатар ғылыми атағы бар тұлғалар.
Әр оқудың сапасы тыңдаушылар толтырған сауалнамасы бойынша қорытындыланады. Сауалнамада оқудың сапасы, дәрістегі материал жаңашылдығы, қисындылығы, жеткізілуі, дәріскердің аудиториямен жұмысы, қарым-қатынасы критерийлері бағаланады. Осы анкеталық бағалаулар нәтижесінде 5 дәріскерді алмастырдық. Дәріскерлер базасын жасадық. Яғни, оқу процесіне, оның сапасына бақылау күшейтілуде».
Гүлнар Қабылбердіқызының айтуынша, 2015-2016 оқу жылынан бастап Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясымен байланыс нығайып, әдістемелік көмектер, тәжірибе алмастыру жолға қойылды. Соның нәтижесінде Астана қаласында аталмыш Академия жанындағы біліктілігін арттыру семинарында ұжымның 5 маманы біліктілігін арттырған. 2016 жылдың І-жартысында Орталықта 7 әкімдік, 25 облыстық басқарма және 24 орталық органдардан 147 мемлекеттік қызметші қайта даярлықтан өтіп, біліктіліктерін арттырды. Жылына орта есеппен 400-450 мемлекеттік қызметші курстан өтіп тұрады.
Конференцияға қатысушылар мемлекеттік қызметтің қазақстандық моделіне және мемлекеттік қызметкерлердің әдептілігіне байланысты сауалдарына жауап алды, өз пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын ортаға салды.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА