Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10-11-сынып оқушылары БҰҰ Моделі дүниежүзілік жастар конференциясына қатысады. Конференция 30 қаңтар мен 1 ақпан аралығында Францияның Лион қаласында өтеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Ақтаудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жас көшбасшылардың басын біріктіретін жиынға «Су: өзгерістерге құлшыныс» тақырыбы арқау болып отыр.
Аталған шараға қатысу үшін Нұркамал Алихан, Құралай Санат, Айдана Бакитова Кәмшат Ақмұратова Мирланбек Шаншаров, Ақбота Алпамысова, Дана Есбергенова, Ақжібек Сағындыққызы, Хисами Томирис есімді оқушылар жолға шыққан болатын. Конференцияға қатысушылар әлемдегі су проблемаларына тоқталып, пікірталас сайысына қатысады.
«Жиынға қатысатын оқушылар мектебімізде екі жыл бұрын құрылған БҰҰ Моделі клубының белсенді мүшелері. Клуб мүшелері БҰҰ қабылдаған құжаттамаларға сәйкес жер бетіндегі қауіпсіздік пен бейбітшілікті сақтауға арналған тұрақты даму мақсаттарын негізге алып жұмыс істейді. Дүние жүзінде кеңінен таралған тәжірибені Ақтауда алғаш болып жүзеге асырушы жастар», - деді мектеп директорының орынбасары Алия Хасенеева.
Айта кетейік, биыл жастар конференциясы Лиондағы халықаралық мектеп пен Сколе халықаралық университеті студенттерінің белсенділігімен сегізінші рет ұйымдастырылуда. Ал ақтаулық оқушылар аталған жиынға тұңғыш рет қатысқалы отыр.
«БҰҰ Моделі – мектебімізде тұрақты жұмыс істеп келе жатқан клубтардың бірі. Ұйымның мақсаты – әлемдік проблемаларға жастардың назарын аударып, өзекті проблемаларды талқылау, мәселені шешуге ұмтылу. Соның нәтижесінде біздің дипломатиялық және көшбасшылық қабілеттеріміз артады. Алдағы конференцияда Тарихи қауіпсіздік кеңесі комитетінде сөз сөйлеймін», - деді конференция қатысушысы Айдана Бакитова.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА