Бұл туралы mangystaumedia.kz сайты Жаңаөзен қаласының әкімдігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Биылғы жылдың 12 қаңтарында Маңғыстау облысы әкімдігінде жаңаөзендіктерге сұйытылған газды қолжетімді бағамен сату мәселесіне байланысты қала тұрғындары және жеке кәсіпкерлермен кездесу ұйымдастырылып, сұйытылған газдың бағасын төмендету, яғни жылдың соңына дейін 50-52 теңге көлемінде ұстап тұру туралы шешім қабылданды.
Бұл шешімді қабылдауға бастамашы болып қала тұрғындары мен жеке кәсіпкерлер шықты.
Биылғы жылдың 6 қаңтарында қала әкімі М.Ибағаровқа бір топ қала және іргелес ауылдық елді мекендердің тұрғындары келіп, кейбір бекеттерде сұйытылған газ бағасының 60-62 теңгеге дейін шарықтап өсіп кеткендігіне алаңдаушылық білдіріп, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі А.Маминге, ҚР Энергетика министрі Ноғаевқа ашық хат жазып, халықпен кездесуін ұйымдастыруды сұрады.
2020 жылдың 07 қаңтарында қала басшысы жеке кәсіпкерлермен кездесіп, әлеуметтік газдың бағасын 55 теңге, ЭТП арқылы алынған газдың бағасын 57 теңгеден асырмау қажеттігін айтты.
Қала әкімі М.Ибағаров Маңғыстау облысы әкімдігіне тұрғындардың алға тартқан мәселелерін дер кезінде хабарлап, 08.01.2020 жылы тұрғындармен кездесуге ҚР Мәжіліс депутаттары С.Өтебаев, Т.Хитуов, А.Мұрадовтар келіп, сұйытылған газ бағасына қатысты тұрғындардың пікірлерін тыңдады.
11.01.2020 жылы қалаға ҚР Энергетика министрлігінің газ және мұнай-газ химиясы департаментінің директоры Зияш Қияқбаев, Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ә.Қыраубаев келіп, қала тұрғындары және жеке кәсіпкерлермен кездесті. Кездесу барысында тұрғындардың ой-пікірлері тыңдалып, жан-жақты талқыланып, қала әкімі М. Ибағаровтың ұсынысы негізінде тұрғындардан және кәсіпкерлерден арнайы жұмысшы тобы құрылды.
12.01.2020 жылы Маңғыстау облысы әкімдігінде жұмысшы топ орталық және облыстық мемлекеттік органдардың өкілдерімен кездесіп, сұйытылған газдың бағасын тұрақтандыру, негізсіз өсуіне жол бермеу, кәсіпкерлерге іркіліссіз электронды сауда алаңына көшу мәселелері қызу талқыланып, нәтижесінде ағымдағы жылдың 01-01.05 дейін сұйытылған газ бағасын 50 теңгеден, ал, 01.05-31.12.2020 ж. дейін 52 теңгеден сатылымға шығару туралы шешім қабылданды.
"Қала және іргелес ауылдық елді-мекендердегі тұрғындарға, жеке кәсіпкерлерге, тұтынушыларға сұйытылған газды қолжетімді бағамен сату мәселесіне бейжәй қарамай, орталық мемлекеттік органнан келген өкілмен және Мәжіліс депутаттарымен кездесу барысында белсенділік танытып, халыққа қолайлы шешім қабылдауға үлестерін қосқан азаматтарға ризашылығымызды білдіреміз", деді Жаңаөзен қалалық әкімдігінен.
Жаңаөзен қаласының әкімдігі Қазақстан Республикасының Президенті Қасымжомарт Кемелұлы Тоқаевтың «СЫНДАРЛЫ ҚОҒАМДЫҚ ДИАЛОГ – ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫ МЕН ӨРКЕНДЕУІНІҢ НЕГІЗІ» Жолдауынан туындайтын негізгі міндеттерді басшылыққа ала отырып, әрі қарай да қарапайым халықпен тиімді кері байланыс орнатуға әркезде дайын!