Кеше Жаңаөзен қаласының әкімі Мақсат Ибағаров, Қызылсай ауылының әкімі Расул Абишаев қызылсайлықтарға 2019 жылдық есеп беру кездесуін өткізді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Жаңаөзен қаласының әкімдігіне сілтеме жасап.
Ұзақбай жырау Қазжанұлы атындағы мәдениет үйінде өткен кездесуге Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ержан Күмісқалиев, қалалық мәслихат хатшысы Сақи Мыңбай, мекеме, бөлім басшылары қатысты.
Алдымен, ауыл әкімі Расул Абишаевтың жылдық есебі тыңдалып, кезек қала әкімінің есебіне берілді. Қала басшысы 2019 жылы қалада атқарылған барлық сала бойынша көрсеткіштерге тоқталып, Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспары аясында атқарылатын жаңа жұмыс жоспарымен бөлісті.
Келесі кезекте президиумға ауыл тұрғындары Қызылсай ауылының инфрақұрылымы, халықтың әлеуметтік жағдайы жөнінде сұрақтарын жолдады. Жаңақұрылыс көшесіндегі өрттен зардап шеккен отбасыларды жаңа тұрғын үймен қамтамасыз ету, ветеринар дәрігерге деген қажеттілік, жұмыссыздық, заңсыз ойын автоматтарын жабу, ауылды көгалдандыру және тағы да басқа мәселелер сөз болды.
Әрбір сауал бойынша жауапты мекеме басшысынан нақты жауап алынып, әрбір тұрғынның арыз-өтініштері қабылданды.
Кездесу барысында ауыл тұрғындарына кәсіпкерлік нысандардың, азық-түлік супермаркеттерінің қажеттілігі байқалып, аталған мәселе жөнінде бірқатар тұрғыннан өтініш түсті.
Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ержан Күмісқалиев өңірлік деңгейдегі шешімді талап ететін мәселелер жөнінде аймақ басшысын жеке ақпараттандыратынын айтты.
Кездесу соңы қала әкімінің қызылсайлықтарды жеке қабылдауына ұласты.