Бұл туралы ол өзінің Instagram-дағы парақшасында жазды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Жергілікті жүргізушілердің сұйытылған газ бағасының қымбаттауына шағымданғаннан кейін Жаңаөзен қаласының әкімі Мақсат Ибағаров көгілдір отынды сататын бірқатар бекеттерде болып, аталған мәселені жеке бақылауына алды.
Мақсат Ибағаров хабарлағандай, кейбір жеке кәсіпкерлер бағаны негізсіз көтерген.
- Жеке кәсіпкерлермен кездесуде біз бір шешімге келдік, бағаны тұрақты 55-57 теңгеде ұстап тұру қажет. Қазіргі уақытта отын бағасы тұрақты. Бұл мәселе тұрақты бақылауда, сондай-ақ қалалық кәсіпкерлік бөлімі тарапынан күнделікті мониторинг жүргізіліп отыр, - деп жазды Мақсат Ибағаров.
Естеріңізге сала кетейік, жаңаөзендік жүргізушілер газ бағасының қымбаттауына шағымданған еді. Олардың айтуынша, қаланың көптеген жанар-жағар май бекеттеріндегі баға литріне 65 теңгеге дейін көтерілген.