Бүгін, 31 желтоқсан күні МО джиу-джитсу федерациясы «Облыстық отбасылық үлгідегі балалар ауылын» жаңа жылмен құттықтап барды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Балаларды құттықтауға джиу-джитсудан әлем чемпиондары мен жетекші джитсерлер, бапкерлер және облыстық федерацияның вице-президенті Ерғали Сисенғалиұлы барды.
«Жетім көрсең жебей жүр» деген атадан қалған асыл сөзді ұмытпаған спортшылар ізгі ниетпен балаларға ақжарма тілектерін жеткізді. Сонымен қоса, жаңажылдық сыйлықтарымен қуантып, естелік суретке түсті. Мереке қарсаңында мейірімге бөленіп, құшағы сыйлыққа толған балалар мәз-мейрам болып қалды.
- Республикалық ассоциация биыл «Жыл үздігі» байқауының орнына балаларды қуантуды жөн көрді. Сондықтан бүгін балаларды келе жатқан жаңа жылмен құттықтау үшін осында сыйлығымызды ала келдік. Джиу-джитсу спортына қызығушылық танытқан балалар болса, біздің есігіміз әрқашан ашық, - деді облыстық федерацияның вице-президенті Ерғали Сисенғалиұлы өз сөзінде.
«Жерде жетім жыласа, көкте періште қайғырады» дейді қазақ. Жетімін жылатпаған қазақ жұртының қайсар спортшылары үшін балалардың жүзіне күлкі ұялатудың өзі бақыт. Олар үшін мойынға таққан медальдан бала қуанышының құны артық. Игі бастамалар жалғасын тауып, көңіл көңілден су ішсе, нұр үстіне нұр болары анық.
Айта кетейік, 2005 жылы ашылған отбасылық үлгідегі балалар ауылында бүгінде 34 тәрбиеленуші бар. Соның 9-ы студент, 3-еуі балабақшаға барады, ал қалғаны мектеп жасындағы балалар.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН