©
Жаңа жыл қарсаңында облыс әкімі Серікбай Трұмов облыстық отбасылық үлгідегі балалар ауылына барып, бүлдіршіндерді Жаңа жылмен құттықтады. Сондай-ақ шараға аймақ басшысының орынбасары Қаныбек Жұмашев, облыстық мәслихаттың хатшысы Нұри Тумышев, Ақтау қаласының әкімі Ғалымжан Ниязов қатысты.
Серікбай Өтелгенұлы өзін қошеметпен қарсы алған балалармен тілдесіп,жағдайын сұрады. Балалар өз кезегінде облыс әкіміне сабақ пен спорттағы үлгерімі жайлы баяндап, жаңа жылдық өлеңдер айтып берді.
– Балаларға зор денсаулық, табыс тілеймін, жақсы оқуларына, өз елінің мақтанышы болып ер жетуіне тілектеспін. Өздеріңіздің үнемі мемлекеттің қамқорлығында болатыныңызды ұмытпаңыздар, – деп облыс басшысы ізгі тілегін жеткізіп, оларға жаңа жылдық тәттілер табыстады.
Тәрбиеленушілердің бірі, он жеті жасар Татьяна Герасимова – «БИИК» шымкенттік футбол клубының ойыншысы. Күніне екі рет «Мұнайшы» спорт клубында жаттығады, Шымкентке жиі барып тұрады. «Мұнда біздің жағдайымыз жақсы, барлығы жеткілікті, мектепке барамыз. Бізге көп адам қонаққа келеді, сыйлықтар тарту етеді. Мысалы, Жаңа жылға орай маған кроссовка мен жейде сыйлады. Маңғыстаулықтарға табыс пен сәттілік тілеймін. Салауатты өмір салтын ұстаныңыздар, спортпен айналысыңыздар, – дейді жас спортшы.
Отбасылық үлгідегі балалар ауылының директоры Орынбасар Наурызбаевтың айтуынша, ауылда 34 бала тәрбиеленуде, ең үлкені 17 жаста, ал ең кішісі төрт жаста. Балалар үйде тұрақты тұрып жатыр.
– Ауыл Сара Назарбаеваның тұжырымдамасына сай құрылған. Біздің үй ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған. Олар барлық қажеттілікпен қамтамасыз етілген. Қазіргі таңда тоғыз бала студент, үшеуі Нұр-Сұлтанда, алтауы жергілікті колледждерде оқып жатыр. Қалған оқушылар қазақ және орыс мектептеріне барады. Оған қоса барлық бала үйірмелер мен спорт секцияларына қатысады. Біздің мемлекет аз қамтылған топтан шыққан жандарға әрдайым қамқорлық танытады. Біздің балалар тек мейрамдарда ғана емес, жай күндері де қоғамның назарында, – деді О.Наурызбаев.
Айта кетерлігі, қайырымдылық шарасы біткеннен соң ауылға көші-қон қызметінің өкілдері келіп, балаларға сыйлықтар тарту етті, олармен әңгімелесіп, халдерін сұрады.
Арай ЖАУПЕРОВА