Бұл туралы бүгін Ішкі істер министрлігінде өткен баспасөз мәслихатында Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер айтты. Бұл мәселе құрылыс нормаларында да қарастырылған.
Дегенмен бақылаудың аздығынан ереже орындалып жатқан жоқ. Оның үстіне сұйытылған газбен істейтін көліктердің саны күн сайын көбейіп келеді. Көлік иесінің қалтасына арзан болғанымен, айналасындағыларға қаупі артады. «Сондықтан мәселеге атүсті қарауға болмайды», - дейді Владимир Беккер.
Бұрынғы ережеде техникалық ақаулы (герметикалық емес) газ қоректендіру жүйесі бар көліктер ғана жабық тұрақта тұруына тыйым салынған болатын. Енді бұл ережеге енген өзгерістер премьер-Министрдің қолы қойылып, 30 желтоқсанда күшіне енеді. ҚР ІІМ ережелерді өзгерту туралы қаулыны әзірледі. Құжатқа сәйкес, өрт қауіпсіздігі ережелері 1099-1 тармақпен толықтырылып, қысылған табиғи газбен және сұйытылған мұнай газымен жұмыс істейтін қозғалтқыштары бар автомобильдердің жабық үлгідегі автотұраққа тұруына жол берілмейді. Яғни 2019 жылдың 30 желтоқсанынан бастап ГБО бар автомобильдерге әр түрлі тұрғын үй, сауда кешендері мен офистік ғимараттардың ішкі, жер асты және жер үсті гараждарында тұруға тыйым салынады.
Жергілікті жерлерде осы заңға сәйкес өртке қарсы талаптардың сақталуы қалай тексерілетіндігі белгісіз. Сондай-ақ, сауда орталықтарының әкімшілігі газда жұмыс істейтін көлік құралдарының өз автотұрақтарына кіруіне қалай кедергі болатыны анық емес.
Анықтама үшін: ҚР ӘҚБтК 410 бабына сәйкес өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу немесе орындамаған жағдайда жеке тұлғаларға 5 АЕК, лауазымды тұлғаларға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға 15 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 25 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Бір жыл ішінде ережені қайта бұзғаны үшін айыппұл айтарлықтай жоғарылайды.