Парламент Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаева Қазақстанның іскер әйелдері қауымдастығының мүшелерімен кездесті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шараға Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшелері, Алматы қаласы әкімінің Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясының өкілдері, сондай-ақ Қазақстанның іскер әйелдері аймақтық қауымдастықтарының төрағалары қатысты.
Қатысушылар Сенат Төрағасына Қазақстандағы әйелдердің жағдайы туралы егжей-тегжейлі әңгімеледі және әлеуметтік зерттеудің нәтижелерімен таныстырды. Іскер әйелдер қауымдастығының мәліметтеріне сәйкес, еліміздегі әйелдердің 57 пайызы тұрақты жұмыс істемейді және өзін-өзі жұмыспен қамтығандар немесе жұмыссыздар мәртебесінде болып табылады. Олар көбінесе ауылдық жерлердегі әйелдер. Кездесуге қатысушылар қоғамдағы әйелдер жағдайын жақсарту жөніндегі ұсыныстардың әзірленуі ахуалды жақсартуы мүмкін, деп санайды. Осыған байланысты жол картасы таныстырылды. Бұл құжат аясында еліміздің саяси, экономикалық және қоғамдық өміріне қатысу үшін әйелдерге тең мүмкіндіктер жасау жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру көзделіп отыр.
Сонымен қатар, іскер әйелдер қауымдастығының өкілдері биылғы қазан айында құрылған Қазақстандағы әйелдер күштері альянсының қызметі туралы айтып берді.
Дариға Назарбаева өз сөзінде Қазақстандағы әйелдер күштері альянсының құрылуына қолдау білдіріп, әйелдердің бірігуінің маңыздылығын атап өтті. «Сіздердің алғашқы қадамдарыңыз – өте дұрыс және зерделенгенін, өйткені Сіздердің әрқайсыларыңыз осында өз білімдеріңіз және тәжірибелеріңізбен келгендеріңізді көріп отырмыз. Қойылған міндеттер деңгейі жоғары екенін айта кеткен жөн. Әйелдерді саясатқа көбірек тарту керек. Елдегі әйелдер бөлігінің белсенді болуы аса маңызды. Халықтың алуан топтарының түрлі мүдделерін білдіретін әйелдерді тарту – Альянстың міндеті. Сіздердің артыңыздан басқалар да алға ілгерілеуі керек», - деді Дариға Назарбаева.