Ақтауда «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында көктемгі сенбілік ұйымдастырылды. Шарада 25 тоннаға жуық қоқыс шығарылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Қала әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, сенбілікке 600-ге жуық мемлекеттік мекеме, облыстық басқарма қызметкерлері мен кәсіпорын, қоғамдық ұйымдар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, студенттер, облыстық мәслихат депутаттары, қоғам белсенділері, партия мүшелері, экобелсенділер қатысты.
Экологиялық іс-шараға 12 техника жұмылдырылып, 25 тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Қала әкімі Ұлықбек Тінәлиев сенбілікке қатысып, сенбілікке тек мемлекеттік қызметшілер емес, кәсіпкерлер де қатысуы керегін айтты.
-«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында қалада әр сенбі күні көктемгі сенбілік ұйымдастырылуда. Өкінішке орай, сенбілікке белсене қатысатын негізінен мемлекеттік қызметшілер. Ал шағын және орта бизнес өкілдері бұл акцияны қолдамай отыр. Кейбір кәсіпкерлер жерді алғаннан кейін, оны дұрыстап қоршамайды немесе мүлдем игермейді. Кәсіпкерлерге тазалық мәселесіне қатысты хабарлама берілетін болады. Бірақ сіздер хабарламаны күтпей, өз атыңыздағы жердің тазалығын қамтамасыз етулеріңіз қажет. Қаланың тазалығы - бәрімізге ортақ жауапкершілік, - деді қала әкімі Ұлықбек Тінәлиев.
Сенбілік мына мекен-жайлар бойынша өткізілді:
-«Шотан батыр» ескерткішінен бастап «Анвар» супермаркетіне дейін;
-«Кездесу» жанармай бекетінен бастап (Data CentrAktau ТТС) мекемесіне дейін;
-12 ш/а №1 үй мен 12 ш/а №17 үй аралығындағы сквер;
-«Самал» ш/а, Резиденция
-9 А ш/а «I love Aktau» композициядан бастап 15А шағынаудан «Самал» теңіз жағалауына дейін;
-15А шағынаудан «Самал» теңіз жағалауынан бастап 9А ш/а «I love Aktau» композициясына дейін;
-Т.Шевченко ескерткішінің маңы.