Ақтаудағы педагогикалық шеберлік орталығында сабақты зерттеу бойынша халықаралық ассоциациясының мүшесі жапондық Тошия Чичибудің қатысуымен семинар өтіп жатыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Семинардың басты мақсаты - өңірдегі мұғалімдермен халықаралық сабақты зерттеу тәжірибесімен бөлісу. Бүгінде білім беру жүйесіндегі жаңашылдық осындай игі өзгеріске жол бастап отыр. Енді мұғалімдер оқушыға сабақ өтіп қана қоймай, өткізілген әр сабақты зерттейді. Осылайша олар бұл салада кенже қалып келе жатқан тұстарды түзеуге мүмкіндік алады. - Бұл мұғалімдердің сабақты бірлесіп жоспарлауына, анализ жасауға ықпалын тигізеді. Осы кісінің бөлісетіні мардымды болғандықтан, семинар ұйымдастыруды жөн көрдік. Мұғалімдеріміз Lesson Study бойынша көп түсінік алады деп ойлаймыз, - дейді Ақтаудағы педагогикалық шеберлік орталығының директоры Қатира Қарасайқызы. [gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="89548,89547"] Қатира Қарасайқызының айтуынша 400-ден аса мұғалім Lesson Study-мен яғни зерттеу сабағымен айналысады. Тәжірибе алмасудағы семинар жапондық зерттеу әдісінің Маңғыстаудағы үлгісімен арасындағы айырмашылығын анықтауға негіз бола алады. - Қазақстан мен Жапония арасында мәдени ұқсастық көп деп ойлаймын. Сол себепті Lesson Study-ды қазақстандық мұғалімдердің шамамен 60-70 пайызы қолданатын секілді. Негізі Қазақстанда Lesson Study тарихы қысқа. Дегенмен 5 жылдың ішінде бұндағы мұғалімдер бұл бағдарламаны меңгеріп үлгерген. Осы уақыттағы Қазақстанның нәтижесі таңқаларлық. Өйткені басқа мемлекеттерде аз уақыт ішінде бұндай нәтиже көрсету қиынға соқты, - дейді Тошия Чичибу. Тошия Чичибудің айтуынша, Қазақстанда зерттеу сабақтары іс-әрекетті зерттеуге қатты ұқсайды. Енді ол мұғалімдерге сабақты зерттеуге көбірек көңіл бөлуді түсіндіргісі келеді. Ақтаудағы педагогикалық шеберлік орталығының директоры Қатира Қарасайқызының айтуынша Тошия Чичибу Lesson Study-ды жүзеге асыру бойынша зерттеу жүргізетін әлемдегі екінші маман. Айта кетейік, аталған шараға Ақтаудағы педагогикалық шеберлік орталығы, Маңғыстау облысының білім басқармасы мен Назарбаев Зияткерлік мектебі мұрындық болып отыр. Семинарға облыстағы жетекші мектептердің директорлары мен үйлестірушілері, зерттеу бойынша тренерлері, қалалық, аудандық білім беру бөлімдерінің басшылары, әдіскерлері, сондай-ақ Назарбаев Зияткерлік мектебінің мұғалімдері қатысып жатыр.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="89549,89550,89551"]