Еліміздің барлық өңірлерінде «Мектепке жол» жалпыреспубликалық акциясы 1 тамыз 30-қыркүйек аралығында ұйымдастырылады. Ауданымыз бойынша аз қамтылған және көп балалы отбасы балаларына жаңа оқу жылына дайындық үшін қолдау көрсету және баланың әлеуметтік себептермен мектепке келмей қалуының алдын алуды мақсат еткен акция аясында аудандық білім бөлімінде іс-шаралар жасақталып, жоспарға сәйкес жұмыстар жүргізілді.
Баланы мектепке даярлау оның ішінде тұрмысы әлсіз немесе көп балалы отбасылар үшін қиындықтар туғызып жатады. Осындай қиыншылықтардың алдын алу үшін ұйымдастырылған шара барысында акцияға қатысуға өтініш білдірген отбасыларға мүмкіндігінше көмектер көрсетілді. Көмек қолын созуға атсалысқан мемлекеттік мекемелер, атап айтқанда аудан әкімшілігі, орталық аурухана, аудандық мәслихат депутаттары, «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы өкілдері, аудандық ішкі істер бөлімі, сот, тұтынушылардың құқығын қорғау басқармасы, салық басқармасы, «Өрлеу» МКҚ, білім бөлімі, мектеп ұжымдары балаларға мектеп құрал-жабдықтары, форма, спорт киімдермен және қаржылай көмек берді. Ауданға қарасты мектептерден барлығы 130 оқушыға бюджеттен тыс қаржыдан 650 000 мың теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілді. Акция айдың аяғына дейін жалғасады, көмекке мұқтаж жандарға қарлығаш көмегін ұсынамын деушілерге әлі де мүмкіндік бар, жақсылық жасауға асығайық!
Ж.МУСАЕВА, аудандық білім бөлімінің тәрбие жөніндегі әдіскері