Маңғыстаулық дзюдошы Руслан Мусаев ұлттық құрама сапында 22-24 қараша күндері Жапонияда өтетін Grand Slam турнирінде бақ сынайды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. 22 жастағы спортшы Grand Slam турнирінің татамиінде 81 келі салмақ дәрежесінде сынға түседі. Ол бұған дейін ұлттық құрама сапында Жапонияда өткен әлем чемпионатына және Абу-Дабиде өткен Grand Slam турниріне қатысқан еді. Сол турнирдің нәтижесі бойынша жаңаланған әлемдік рейтингте үздік 50 дзюдошы қатарына енген болатын. - Grand Slam турнирлері әлемдік рейтингте жоғарылауға мол мүмкіндік береді. Бұл жолы ұлттық құрамамен Жапония елінің Осака қаласына аттанғалы отырмыз. Дайындық жаман емес, қажетті нәтижеге жету үшін бапкерлерімнің нұсқауымен тыңғылықты дайындалдық. Осы уақытқа дейін жинаған тәжірибемнің көмегімен бар күш-жігерімді салып белдесуге әзірмін, - дейді Руслан Мусаев. Айта кетейік, Осака қаласындағы Grand Slam турниріне 54 елден 500-ден аса дзюдошы қатысады деп жоспарланған. Ал маңғыстаулық спортшының салмақ дәрежесінде алтын жүлде үшін 54 дзюдошы сынға түседі.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ
Суретті түсірген Азамат КҮЗЕМБАЕВ