Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Қаныбек Жұмашев Кипрде самбо спорт шеберлері арасында өткен әлем біріншілігінде чемпион атанған маңғыстаулық Манарбек Бисекеновті қабылдады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Қаныбек Жұмашев күні кеше әлем чемпионы атанған, 2014 жылдан бері "Жас батыр" спорт мектебіне жетекшілік етіп келе жатқан Манарбек Жұбатқанұлын жеңісімен құттықтап, 300 мың теңге ақшалай сый табыстады. Жиынға өңір әкімінің орынбасарынан бөлек, МО дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанат Жұмабев, МО самбо федерациясының президенті Айдос Ақжанов пен "Жас батыр" спорт мектебі ұжымы қатысты. Қаныбек Бекболатұлының қабылдауы МО самбо федерациясының кеңсесінде жалғасты. Федерация президенті Айдос Ақжанов Манарбек Бисекеновке алтын жүлдесіне орай және өңірдегі самбо спортын дамытуға қосқан үлесі үшін 1 млн. теңге және жақында ғана Ташкентте өткен самбодан әлем бірінішілігінде чемпион атанған жас спортшы Дәурен Төлегеновке 300 мың теңге қаржылай сыйлық жасады. - Жетістіктерге жетіп, чемпиондарымыздың көбейгеніне қуаныштымын. Алдағы уақытта жоспарымыз да, үмітіміз де көп. Шеберлер арасында чемпион атанған Манарбек Жұбатқанұлын жастарға үлгі деп білем. Оны бұрын спорт мектебінің директоры ретінде танысақ, бүгінде басқа қырынан білеміз. Осы саланы дамыту үшін тынбай еңбектеніп жүрген спортшыларды әрқашан қолдаймыз, - дейді Айдос Амангелдіұлы. Сондай-ақ, Айдос Ақжанов самбо федерациясының спорт академиясы салынатынын мәлімдеді. Қазіргі уақытта академияның жобасы аяқталып, бой көтеретін орны да белгіленген. Спорттың бірнеше түрін қамтитын академия 34 шағын ауданда орналасатын болады.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Саби МАЙЕМЕРОВ,
"Жас батыр" спорт мектебі