Ағымдағы жылғы 15 қазанында Маңғыстау өңіріне іссапармен келген ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілі Арман Бердалин және Республикалық арнайы мониторинг тобының мүшесі, Президенттің «Алтын сапа» сыйлығының, «Құрмет» орденінің иегері, Ресей мемлекетінде ең алғашқы Ресей этно-коуоркингін ашқан этнодизайнер Ырза Тұрсынзада және аумақтық Департамент басшысының бірінші орынбасары Серік Қаныбеков Маңғыстау облысының Денсаулық сақтау басқармасының қызметкерлерімен және өңірдің бас дәрігерлерімен кездесті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Кездесу мақсаты - халықтың ой-пікірлерін тыңдап, жемқорлықты алдын алуға бағытталған сұрақтар мен ұсыныстарын назарға алып, кейбір түйінді мәселелерді кеңінен талқыға салып, оны шешудің жолдарын табу. Өз сөзінде Арман Бердалин медицинаның негізін қалаған Ибн Синаның өмірлік ұстанымы адалдық, тазалық, әділдік және парасаттылық болғанын айта өтіп, сол ғұламаның жолын жалғастырушы мына отырған ақ халатты абзал жандар екенін атап өтті. Сонымен қатар сөз зергері Арман Тілектесұлы киелі өлке Маңғыстаудың о бастан ата салтына берік, аталар жолын ұстанған нағыз қазақы мекен екенін айта келіп, ұлылардың мекені ұрылардың мекені болмауы керек,- деп атап көрсетті. «Бәйге алмайтын тұлпардан белі жуан бесті артық, парадан жиған түйеден адалдан жиған ешкі артық –деп мақалдап ойын жинақтаған айтыскер ақынның ақылды сөзі көптің көкейіне қонды. Осы жиында Республикалық арнайы мониторингтік тобының белді мүшесі Ырза Тұрсынзада дәрігерлердің еңбегінің өлшеусіз екенін айта отырып, оларды адам тәнінің ғана емес, жанының да емшісі екендігін баса айтып, оларға алдына келген дімкәс жанның денін ғана емдемей, жанына да шуақ берсе екен деген тілегін жеткізді. Әр дәрігер осылайша қызметіне адал, салтына берік болса, «ала жіпті аттамай» елге, халыққа қызмет етсе, қазақтың бойындағы асыл қасиет - тектіліктің жойылып кетуіне жол бермес едік,-деп ой тастады. Адамға жақсылық жасау үшін жоғары шен де, үлкен билік те, мол ақша да, есепсіз дүние-мүлік те керек емес, ең бастысы – ниет керек, ендеше айналаға жылылық беріп, жақсылық жасау – өз қолдарыңызда, – деп сөзін аяқтады Ырза ханым.