©
Елбасымыз Н.Ə.Назарбаевтың Вашингтон қаласында өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі IV халықаралық саммитте жариялаған «Əлем ХХІ ғасыр» манифесін баянды ету мақсатында Қазақстан халқы Ассамблеясы «Ақ орамал» республикалық акциясын өткізуге бастама көтерген еді. Дәл осы бастама негізінде еліміздегі барлық аймақтарда тамыз айының басында бастау алған «Ақ орамал» атты акция Түпқараған ауданында да жалғасын тапты.
Тазалық пен адалдық, абырой мен ізгіліктің, аманат пен татулықтың белгісіндей ақ жаулық үлкен философиялық мәнге ие. Дәл осы алғышарттарды арқалаған акцияның да мақсаты – қоғамдағы адамдарды бейбітшілік пен тұрақтылық құндылығын сезінуі мен өзара құрмет көрсетуге, ұстамдылық пен саналылық, соғыс атаулыны болдырмау үшін ынтымаққа шақыру болып табылады. Жауды да, дауды да тілсіз терең философиялық таныммен жаулық арқылы ғана тоқтатқан татуластыру дәстүрінің өзі қазақта ана басындағы ақ жаулықты сыйлау мен қастерлеуден басталған.
Дәл осы мақсатта Түпқараған ауданындағы аудандық перзентхана бөлімшесінде босанушы жас аналарға жаулық жабылып, жаңа дүние есігін ашқан сәбилер мен аналарына алғашқы сыйлықтар мен жеке бас гигиенасына қажетті заттар және жөргектер тарту етілді. Тәуелсіздіктің 25 жылдығы, конституция күні, Форт-Шевченко қаласының 170 жылдығымен құттықтай келген акция ұйымдастырушылары Форт-Шевченко қаласының әкімі аппараты және «Қолдау» орталығы жеке меншік мекемесінің директоры Милана Елеусінова жас аналарға өздерінің ізгі тілектерін арнап, отбасыларына қауышып, қуаныштарының еселене беруін тілесе аудандық перзентханада бесінші бөпесін дүниеге әкеліп отырған 1985 жылы тулыған көп балалы ана Жұмажанова Орынгүл Сұлтанбеқызы:
- 19 тамыз күні осы перзентханада 3 кг.910 грамм салмақта бесінші бөпемді дүниеге әкелдім. Аудандық перзентхана ұжымына алғысымды білдіремін. 2 қыз екі ұлдың артынан келген осы бір қызымыздың есімін Қарақат қойдық. Қарақат Құдабай Бекболатқызы ел анасы болатындай тәрбиесі мен тәлімі жарасқан инабатты қыз болып өссін деген аналық тілегіміз бар. Осындай акциямен бізді елеп, құрмет білдіріп жатқандарыңызға рақмет! Ең бастысы еліміз тыныш болсын, -дейді көп балалы ана.
Екінші бөпесін бауырына басып отырған Айдана Манарбекқызының өзі ел тәуелсіздігімен құрдас. 1991 жылы туылған жас ана бүгінде екінші бөпесіне ана атанып отыр. 21 тамыз күні 3 кг салмақта дүниеге әкелген ұлын Ерасыл деп атапты. Жас отбасы асыл,ер, азамат болсын деген мақсатта Ерасыл атаған бөбегінің болашағы жарқын болатынына сенеді. Ақ жаулықты жас ана үмітін ақтар батыр ұлының амандығын тілеген ұйымдастырушыларға алғысын білдіре отыра, акцияның мәні мен мағынасы тереңдігі үшін осындай акция қатысушылары болғандарына қуанышты екендерін жеткізді.
Гүлсім ҚАРЫМСАҚОВА Фотоға түсірген автор