Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы Президенттік кадрлық резервтің мақсаты мен міндеті туралы айтты. Кадрлық резерв - болашақта мемлекеттің тізгінін ұстайтын жас шамасы 35-тен аспаған және еңбек өтілі 5 жылдан кем емес мамандарға жоғары лауазымдарға тағайындалуға мүмкіндік беретін жаңашыл институт, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Айта кететін жағдай, Президент тағайындайтын мемлекеттік саяси қызметшілер іріктеуге қатыспайды. Азаматтар Президенттік кадр резервіне үш жылдық мерзіммен алынады. Осы кезеңнің ішінде тиісті бос орын болған жағдайда адам саяси немесе жоғары басқарушы әкімшілік лауазымына, ұлттық басқарушы холдингтердің немесе компаниялардың жоғары басқарушы лауазымына тағайындалуы мүмкін. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңесінің төрайымы Нұргүл Жанназарованың айтуынша, резервтегі адамдарды лауазымға тағайындаудан бұрын ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында оқытудан өткізу көзделген. Сонымен бірге, оқыту шеңберінде аталған адамдар халықпен жұмыс істеуге, халықтың алдында сөйлеуге, белгісіздік жағдайда жұмыс істеуге қажетті құзыреттерді ұлғайту мақсатында мемлекеттік органдарда және ұйымдарда тағылымдамадан өтетін болады. Департамент басшысының айтуынша Агенттіктің аумақтық департаментінің негізгі қызметі Мемлекет басшысының мемлекеттік қызмет жүйесінің тиімділігін арттыру бойынша тапсырмаларын орындауға бағытталған.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ