Шомылу маусымы басталғалы 7 адам суға кетті. 249 адам тыйым салынған аумақта суға түскені үшін әкімшілік жазаға тартылған. Бұл туралы 19 шілде күні, Өңірлік Коммуникациялар Қызметі алаңында Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар Департаменті мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Суға батып қаза болған 7 адам, ал құтқарылғандардың саны 9, соның ішінде екеуі бала. Судағы қауіпсіздік ережелерін бұзу жазатайым оқиғаларға себеп болады. МО Төтенше жағдайлар Департаменті қайғылы оқиғалардың негізгі себебі тыйым салынған жерлерде шомылу екенін атап өтті. Шомылу маусымына дайындық кезеңінде адамдардың суда қаза болуын болдырмау және азайту мақсатында Маңғыстау облысы әкімінің "Маңғыстау облысы халқының 2019 жылғы шомылу маусымы кезеңінде қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы" өкімі 2019 жылғы 3 сәуірде әзірленген. Осы өкімнің шеңберінде халықтың судағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қала және аудан әкімдіктері, құқық қорғау органдары және жергілікті бюджеттен қаржыландыратын органдар жұмылдырылған. Облыс әкімінің өкімімен қатар, Департамент аясында "Судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу бойынша профилактикалық шаралар кешенін өткізудің жоспар-кестесі" әзірленіп, 2019 жылы 1 маусым күні бекітілген. МО Төтенше жағдайлар Департаментінің мәлімдеуінше, аталған мәселе бойынша төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның 10 отырысы өткізілген. - Облыс аумағындағы суға шомылу орындарына түгендеу жұмыстары жүргізілді. Оның қорытындысына сәйкес облыстағы Каспий теңізінің жағалауында орналасқан 38 демалыс орны анықталды. Атап айтқанда, Ақтау қаласында 21, Қарақия ауданында 12, Түпқараған ауданында 5. Түпқараған ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі әкімдікпен бірлесіп, шомылуға тыйым салынған аймақтарды анықтады. Олар - 43 км, "Голубая бухта" 64 км, "Саура" 82 км, "Тамшалы" Форт-Шевченко қаласынан Таушық ауылына қарай 30 км және "Сарытас" Форт-Шевченко қаласынан Таушық ауылына қарай 51 км, - дейді МО Төтенше жағдайлар Департаменті басытығының орынбасары Мұрат Мұханов. Теңіздегі құқық тәртібі мәселелерін жергілікті полиция қызметі бақылайды, олармен бірге осы уақытқа дейін 268 рейд жүргізілген. Рейд барысында ішкі істер органдары 249 азаматты әкімшілік жауапкершілікке тартып, жалпы сомасы 2,5 млн теңгені құрайтын әкімшілік айыппұл салынған. Қала және аудан әкімдіктері жағалау аймақтарында 30 тыйым салатын белгі және 39 стенд орнатылды. Сонымен қатар, "Шора" су арнасындағы стендтер жаңартылып, тағы да 100 метрге қосымша қоршау орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Суға шомылу маусымы кезінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінді. Сондай-ақ, білім басқармасымен бірлесіп "Судағы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған ақпараттық-насихаттау іс-шараларын өткізу жоспары" құрылған.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="83206"]