Ел экономикасында елеулі орын алатын теміржол саласы қызметкерлері төл мерекелерін атап өтті. Салтанатты шарада бірқатар жұмысшылардың еңбегі ескеріліп, марапатқа ие болды.
─ Қазақ елінің теміржол саласы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, экономика мен өнеркәсіп өндірістерінің жаңаруына, Елбасы қойған міндеттердің жүзеге асуына зор үлес қосып келеді. Кәсіпорындардың тынбай жұмыс жасауын, өңір тұрғындарының тіршілігін, ел азаматтарының іскерлік пен мәдени байланыстарын қамтамасыз ете отырып, ел экономикасын дамытып келе жатқан бірден-бір сала - осы теміржол. Біздің биылғы жеткен жетістіктеріміз үлкен. Жалпы, істеліп жатқан жұмыстарға келетін болсақ, күні кеше іске қосылған Ақтау Порты арқылы өтетін болашақтағы жүктердің саны 23 млн.тоннаға дейін артпақ. Маңғыстау түбегінде барлық транзиттік әлеует осы порт арқылы болады. Сондықтан теміржолшылар жұмыссыз қалам деп қиналмай, алға қарай өз үлесімізді қоса берейік, - деген Маңғыстау жүк тасымалы бөлімшесінің директоры Нәжімеден Ғұбашов Маңғыстау магистралдық желі бөлімшесінің директоры Мұхтар Бақтыгереевке, Маңғыстау жүк тасымалы филиалы шұғыл басқару бөлімінің кезекшісі Маралбек Нұрмағанбетовке, Маңғыстау локомотив пайдалану депосының тепловоз машинисі Арапа Ағатаевқа, Маңғыстау магистралдық желі бөлімшесі Маңғышлақ стансасының қалпына келтіру пойызының бастығы Мурастан Мизановқа «Құрметті теміржолшы» төсбелгісін тақты. Сондай-ақ, ол сахна төріне шақырылған озаттардың тағы бір тобын, атап айтқанда, Маңғыстау жүк тасымалы филиалы жылжымалы құрамдарды пайдалану бөлімінің бастығы Ізмағанбет Өмірұзақты «Құрмет» грамотасымен, Маңғышлақ стансасының технологиялық орталығының басшысы Марияш Мұхамбетқызын «Алғыс хатпен», Маңғышлақ стансасының пойыздар жылдамдығын реттеушісі Есенғали Шабаевты «Үздік маман» белгісімен марапаттады.
Салтанатты жиында сөз алған аудан әкімі Нұрлан Тәжібаев: «Жол-көлiк инфрақұрылымын дамыту Елбасымыздың 5 институционалдық реформасындағы басты бағыттардың бiрi. Сапалы көлiк байланысының халықтың тұрмысын жақсартудағы рөлi ерекше. Бүгiнде елiмiзде жол, әуе, темiржол қатынасын дамыту бағытында үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл саладағы қауiпсiздiктi қамтамасыз ету, көрсетiлетiн қызметтi сапалы ету жолындағы сiздердiң ерен еңбектерiңiзге алғысымызды бiлдiремiн. Аймақ тынысында теміржол көлігінің алатын орны зор. Маңғыстау жол бөлімшесі облыс экономикасының дамуында айтарлықтай елеулі үлес қосып отырған бірден-бір ірі мекеме. Ұзақ жылдар бойы осы салада қызмет атқарып, істерін жалғастыратын лайықты буын тәрбиелеген аға ұрпақ өкілдеріне, яғни осы саланың ардагерлеріне ризашылығымды білдіремін», - дей келе Маңғыстау жүк тасымалы филиалы директорының бірінші орынбасары Ерлан Бүркітовке, филиал директорының логистика жөніндегі орынбасары Ғалым Айтжановқа, филиалдың экономикалық жоспарлау бөлімінің басшысы Жаңабай Тұрашовқа облыс әкімінің «Құрмет» грамотасын табыс етті. Облыс әкімінің кезекті «Алғыс» хатына филиалдың бас есепшісі Гүлмира Қойшекенова, «Маңғыстау электрмен жабдықтау дистанциясы» филиалы директорының орынбасары Нұрболат Шалғабай, Маңғыстау локомотив пайдалану депосының тепловоз машинисі Серік Самиев ие болды. Маңғыстау жүк тасымалы филиалының жүктерді тасымалдауды ұйымдастыру бөлімінің жетекші инженері Людмила Марченко, Маңғыстау магистралдық желі бөлімшесінің өндірістік техникалық бөлім бастығы Шамшадин Нұрмағамбет, Маңғыстау аймағы бойынша вагон шаруашылығының ревизоры Берді Молдақосов, Маңғышлақ стансасының багаж қабылдап тапсырушысы Балым Есжанова Нұрлан Төлегенұлының «Алғыс» хатына қол жеткізді. Ал, Өзен қаласының әкімі Елубай Әбіловтың «Алғыс» хаты Маңғыстау жүк тасымалы филиалы Өзен стансасының кезекшісі Зейнеладдин Оңғарбаевқа, Маңғыстау вагон пайдалану депосы Өзен стансасының техникалық қауіпсіздік қосынының басшысы Жолмұрат Есебаевқа табысталды.
Ардагер теміржолшылар атынан ақ тілегін жеткізген Табылды Әміров теміржолшылар бейнесін ешбір боямасыз баяндады.
─ Құрметті теміржолшылар! Бұдан артық бақыт бар ма? Бірге жұмыс жасаған теміржолдың ерен еңбеккерлерімен бас қосып, мерекені тойлау екінің бірінің маңдайына жазылып жатқан жоқ. Қаншама азаматтар өмірден өтіп кетті. Сондықтан сіздердің ақжарқын жүздеріңізді көргеніме қуаныштымын. Саланың қызметі туралы ойланып қарағанда теміржолшыдай ерен еңбеккер таппайсыз. Себебі, аурухана, мектебі жоқ шалғай бекеттерде тұратындар - теміржолшылар. Ешқандай жағдай жоқ, бірақ пойызды тұрғызбай, жүргізіп жатқан солар. Мынау күннің аптап ыстығында да бірнеше ондаған пойыз кетіп бара жатыр қазір. Мерекеде ол тоқтап тұрмайды. Соның штурвалында біздің машинистеріміз отыр. Сол жолды дұрыстап ұстаймын деп далада біздің жолшыларымыз бен белгі берушілеріміз жүр. Оларға ешкім салқын су апарып жатқан жоқ. Сондықтан, сол кісілердің еңбегі ерекше. Мен шын көңіліммен, ақ жүрегіммен теміржолшыларды құттықтаймын, - деді Табылды Әміров.
Мереке әдемі ән мен көңілді биге ұласты.