Ел экономикасының күре тамыры саналатын темір жол саласының дамуы халық тұрмысының жақсаруын аңғартса керек. Халықтың күнделікті тіршілігіне қажетті бұйымдар мен азық-түліктер, алуан түрлі шикізаттар тасымалданатын темір жол әлеуетінсіз бүгінгі өмірді елестетудің өзі қиын. Күндіз-түні тұтыну тауарларын дер кезінде жеткізумен айналысып жүрген осынау сала қызметкерлері жыл сайын тамыз айының алғашқы жексенбісінде көлік қызметкерлерінің күнін атап өтеді.
Рас, соңғы бір-екі жылдан бері елімізде қаржы тұрақсыздығы орын алып, көптеген мекемелер қаржы қиындығын көтере алмай, тұралап қалды. Ия, дағдарыс бар, оны және оның аяусыз қысымын жасыру мүмкін емес. Бірақ «дағдарыс бар екен» деп, ауызды қу шөппен сүртпей, жүздеген жұмысшыларының хал-ахуалын барынша сақтап қалу жолдарын мүмкіндігінше жасап отырған мекемелер мен кәсіпорындар да бар. Көлік қызметкерлерінің мерекесі қарсаңында «Каскор-транссервис» акционерлік қоғамында болып, оның басқарма төрағасы Әли Сахимовтен мекеменің қазіргідей уақытша экономикалық қиындық туындаған кездегі жағдайы туралы сұрағанымызда ол еңбеккерлердің алаңдауына негіз жоқтығын айтты.
-Мекемеде бес жүзден астам адам жұмыс істейді,-деді Әли Өтепұлы.-Шыны керек, тауар айналымы азайған соң жұмыс көлемі де бұрынғыдай емес, едәуір қысқарған. Бүгінгі қаржы дағдарысы бізді де айналып өтіп жатқан жоқ. Соған қарамастан, жүк тасымалдау жоспары орындалмаса да, барша қызметкерлеріміз бен жұмысшыларымыздың жалақысы азаймады, өзгеріссіз қалды. Сыйақыларын да уақытында алып жүр. Бюджетте қарастырылған әлеуметтік мәселелердің барлығы орындалып жатыр. Мысалы, биылғы жазда сексенге жуық баламыз ұшақпен Алматы қаласындағы лагерьлерге екі ауысымда барып, демалып келді. Еңбеккерлерді қысқарту мәселесі де тек бос қалған жұмыс орындарын ғана қысқарту арқылы шешілуде. Яғни, өз еркімен жұмыстан шығып кеткен мамандардың және зейнет демалысына шыққан қызметкерлердің босаған орындарын ғана қысқартып отырамыз. Біздің ең басты міндетіміз—жұмыс жасап жүрген адамдарды қысқарту емес, керісінше, оларға қосымша жағдай жасау.
Мекеме үшін қанша ауыр тиіп жатса да, қолда бар мүмкіндікті пайдаланып, дағдарыс ауыртпалығынан алып шығу мақсатында қызметкерлері мен жұмысшыларының әлеуметтік жағдайын әлсіретпей, тұрмысын төмендейтей, қиыннан қиыстырып, іс тетігін келістіре тауып отырған «Каскор-транссервис» акционерлік қоғамының басшылары өздерінің кәсіби мерекесі құрметіне салтанатты басқосу ұйымдастырды.
Салтанатты жиында облыстық мәслихаттың хатшысы Бекмұрат Жүсіпов теміржолшыларды төл мерекелерімен құттықтап, жұмыстарының табысты болуына тілектестігін білдірді. Сондай-ақ ол бір топ қызметкерге облыс әкімінің грамотасы мен Алғыс хаттарын табыстады.
«Каскор-транссервис» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Әли Сахимов теміржолшылардың бір тобына Ақтау қаласы әкімінің атынан грамоталар мен Алғыс хаттар тапсырды және еңбегімен ерекшеленген бірқатар еңбеккерлерді мекеменің Алғыс хаттарымен марапаттады.
Бұл күні марапаттауларға ие болмағандар да құралақан қалған жоқ, бүкіл ұжым бір айлық еңбекақысы мөлшерінде сыйақы алды. Сондай-ақ мекеменің 150-ден астам зейнеткерлеріне де ақшалай сыйлықтар берілді.
Сүйіншілей айтпауға болмайтын тағы бір жағымды жаңалық—мекеме жанынан, Ақтаудағы 3 «б» шағын ауданнан спорт кешенінің ашылуы. Бұл—бірінші кезең ғана. Оның екінші кезеңі—бассейн салынуы. Қазір құрылысы жүріп жатқан бассейн жыл аяғында, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында тұрғындар игілігіне берілмек.
Бүгінде «Каскор-транссервис» АҚ спорт басқармасымен біріге отырып, спорт кешеніне келушілер үшін кесте жасауда. Кесте бойынша спорт залын таңғы сағат 09.00-ден кешкі 18.00-ге дейін мектептер оқушылары, мемлекеттік мекемелер қызметкерлері пайдаланса, кешкі сағат 18.00-ден 24.00-ге дейін залды жалға алған қаладағы басқа мекемелер қызметкерлері спортпен айналыса алады. Сондай-ақ арнайы белгіленген уақыттарда «Каскор-транссервистің» өз еңбеккерлері де осында келіп, спортпен шұғылдануына болады. Ал мұның ақтаулықтардың денсаулығын нығайтуына және балалар мен жастардың бос уақытын ұтымды өткізуіне жасалған зор мүмкіндік екенін атап өткен жөн болар.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ