Мәжіліс депутаты бастаған тілшілер тобы зауыттан соң «Байсырымов С.Ө.» жеке кәсіпкер меншігіндегі жылыжай шаруашығымен танысты. Ақтау қаласына жақын орналасқан кешен аумағында қияр өсіретін екі жылыжай орналасқан. Кәсіп иесі Саламат Байсырымов «Даму» кәсіпкерлерлікті қолдау Қоры» АҚ Маңғыстау облысы бойынша аймақтық филиалының қолдауымен бүгінде кәсібін өркендетіп отыр.
- Бізге «Бизнестің Жол картасы-2020» бағдарламасы аясында қаржылай қолдау көрсетілді. Даму қорының субсидия бөлуімен банктен несие алдым. Алған қаржымызға «Гидропоника» технологиясын сатып алып, бүгінде қияр өндіріп жатырмыз. Жылына жылыжайдан 400 тонна өнім аламыз. Бүгінде 20 адамды жұмыспен қамтып отырмын,-дейді жеке кәсіпкер Саламат Байсырымов.
Кәсіпкердің айтуынша, «Гидропоника» технологиясы - суға ерітілген құнарлы заттар көмегімен әртүрлі көкөніс пен жемістерді өсірудің заманауи тәсілі. Бұл әдісті қияр өсіруде қолдану арқылы өнімді арттырып, көкөніс егуге қажет жер көлемін әжептәуір азайтуға болады. Сондай-ақ, жақын арада кәсіпкер жердің қатты қабатына қызанақ егуді қолға алған. Бұл, әзірге пилоттық жоба. Дегенмен, келешекте өзі өсірген өніммен жергілікті сауда орындарын қамтуды көздеп отыр. Әзірге, жылыжайда өсірілген қияр «Асар» базарында көтерме бағамен сатылуда.
- ҚР Ұлттық қоры Бағдарламасына сәйкес алғашқы кезекте берілетін үлесті несие есебінен 100 млрд теңге бөлінген болатын. Бұл қаржы «Даму» қоры арқылы екінші деңгейлі банктерге үлестірілді. Осыған сай, өндірістік өнеркәсіп шеңберінде бизнес ашқан кез-келген кәсіпкер осы бағдарламаға қатысып, жылдық алты пайызбен мемлекет қолдауына ие болады. Осы бағдарламалардың Маңғыстау облысында жүзеге асырылу барысымен бүгін жақын таныстым. Макарон өнімдерін, нан шығаратын цехтың жұмысымен, жылыжай шаруашылығымен таныстым. Барлығы да көңілімнен шықты, кәсіпкерлердің жұмысы жақсы жолға қойылған. Елбасының тапсырмасына сай біз әрдайым елімізде шағын және орта бизнесті дамытуға қолдау көрсетуге тиістіміз және осы бағытта жұмыстарды да жандандыруымыз керек,-деді журналистерге берген сұхбатында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қабибулла Жақыпов.
Қазіргі таңда өңірде «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы «Даму» қорынан 50 млрд.теңге болатын 228 жоба қолдау тапқан. Қабылданған бизнес-жоспарлардың дені Ақтау қаласына тиесілі, яғни 47%-ды құрайды.
-Жаңаөзен қаласы бойынша-30% құраса, аудандарда іске асырылатын жобалар үлесі-53 пайыз. «Даму» қорының кепілдендіру тетігі бойынша бағдарламаларды жүзеге асырудың бүгінгі кезеңіне дейін - жалпы құны 1 206,56 млн теңгені құрайтын 80 жоба мақұлданды. Кепілдендіру үлесінің ең көп мөлшерлемесі Ақтау қаласы бойынша-36%, Жаңаөзенде-25%, сондай-ақ, Мұнайлы ауданында-20%, қалған аудандарда-64%. Жалпы бүгінгі пресс-турдың мақсаты-мемлекеттік кәсіпкерлікті қолдау шаралары бойынша ақпаратты аймақтық кәсіпкерлерге жеткізу болатын. Ұлттық қордан бөлініп, қаржыландырылатын қаражаттарды, «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау және «Даму» қорының ішінара кепілдемесін беру бағдарламалары бойынша көмек алған кәсіпкерлердің кәсіпорындарын бизнестерін жаңадан бастағысы келіп жүрген тұрғындарға таныстыру. Осылайша, облыста кәсіпкерлік саласының дамуына үлес қосу,-деді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Маңғыстау облысы бойынша аймақтық филиалының директоры Берік Нұрғалиев.
Венера МИРЛАН Суреттерді түсірген-Талант Құсайын