©
Маңғыстау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбек Қарабалаевты қамауға алу туралы санкцияның мерзімі 2019 жылдың 29 наурызына дейін ұзартылды. Бұл туралы mangystaumedia.kz сайтына Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлады. "Карабалаев Нурбек Джумабековичті қамауға алуға санкцияның мерзімі 2019 жылдың 29 наурызына дейін ұзартылды. Әлі тергеу жүруде", - деп мәлімдеді Маңғыстау облыстық сотының баспасөз хатшысы Г. Нұрханова. Естеріңізге сала кетейік, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының тергеу департаментінің Н.Д. Карабалаевқа қатысты «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасын қолдану туралы өтініші қанағаттандырылып, 2019 жылғы 31 қаңтарда 10 күнге қамауға алынған еді. Сотқа дейінгі алдын ала тергеу ісі ҚР Қылмыстық кодексінің 361-бабының 4 бөлігі 3 тармағы бойынша (лауазымдық өкілеттілігін асыра пайдалану) басталған. Қамауға алынғаннан кейін инстаграм әлеуметтік желісінде Нұрбек Қарабалаевты қолдауға арналған акция басталды. Желі қолданушылары #Нұрбекбізсеніменбіргеміз #нурбекмыстобой деген хештегпен жазба жариялады. Артынша, Naiza Fighter Club-тың инстаграм желісіндегі парақшасы арқылы Нұрбек Қарабалаев өзінің қолдаушыларына алғысын жеткізді. "Менің айтқым келетін жалғыз нәрсе – спортта, қызметімде жағымсыз ештеңе жоспарлаған да, жасаған да емеспін», — делінген жазбада.