©
Ақтауда бірнеше пәтерге түсіп, ұрлық жасаған күдікті ұсталды. Ол негізінен үйдегі қымбат әшекей бұйымдар мен техникаларды алып кетіп отырған. Бұл туралы mangystaumedia.kz сайтына Маңғыстау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Күдікті алдымен Ақтаудың 5 шағынауданындағы пәтерге түскен. Ол есікті кездейсоқ кілттерді салып көру арқылы ашып кірген. Күдікті үйден құндыз тон, алтын неке сақинасы, компьютердің колонкасы мен спорттық сөмкені алып кеткен. Бұл оқиға 2019 жылдың 4 ақпан күні сағат 12:45 пен 18:20 арасында болған. Екінші ұрлық 2019 жылдың 7 ақпанында сағат 13:00 пен 16:10 аралығында тіркелген. Күдікті Ақтаудың 22 шағынауданындағы пәтерге түсіп, әйел адамның алтын сағаты мен алтын сақиналарды жымқырып кеткен. Есікті дәл бірінші жағдайдағыдай кілттерді салып көру арқылы ашыпты. Бұл екі факті Ақтау қалалық полиция басқармасында сотқа дейінгі тексерудің бірыңғай тізіліміне ҚР Қылмыстық кодексінің 188 бабы 2 бөлігі (бөтеннің мүлкін жасырын жымқыру) бойынша тіркелген. "Жедел іздестіру шарасы кезінде Ақтау қалалық полиция басқармасының қызметкерлері күдіктіні анықтап, ұстады. Мойындау түсініктемесі мен заттай айғақтар алынды", - деп мәлімдеді Полиция департаментіндегілер. Қазір күдікті уақытша ұстау абақтысында.