©
Аудандағы діни ахуал, өзге ағым жетегіндегілер мен оларды алдын –алу жұмыстары жөнінде Түпқараған ауданы әкімі жанында діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі Кеңес отырысы өтті. Оған ауданның қоғамдық ұйымдары мен аудандық мешіттің имамы Опа Жүсіп, найб имамы Мырза Мухаммедюсуфұлы, аудандық жастар ресурстық орталығының маманы мен «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалының төрағасының бірінші орынбасары Демеген Садықов қатысты. Күн тәртібіндегі бір ғана мәселе бойынша «Түпқараған ауданының бүгінгі діни ахуалы» тақырыбында дін мәселелер бойынша ақпараттық талдау орталығының Мемелекеттік органдармен және мекемелерімен қатынас бөлімінің маманы Сымбат Салянқызы баяндама жасады.
Ол өзінің баяндамасында Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңы басшылыққа алынып, кеңестің жұмыс жоспарына сәйкес отырыстар өткізіліп, аудандағы діни ахуал үнемі бақылауда ұсталып отырғандығын, Ақшұқыр ауылында жеке кәсіпкер мешіт үйінің құрылысын және Сайын Шапағатов ауылында да қоғамдық қоры арқылы мешіт үйлері салынып жатырғандығы жөнінде жақсы жаңалықты жеткізді.
-Аудан бойынша 2 имам, 2 найб имам қызмет етеді. Барлығы да Қазақстан Мұсылмандар Діни Басқармасы жанынан ұйымдастырылатын курстарда біліктілігін арттырып жүр. Осы имамдармен мешіттегі шаралар жергілікті атқарушы органдармен бірлікте ұйымдастырылады. Соның ішінде діни жоралғылар, діни мерекелер, осылардың аясындағы қайырымдылық шаралар жоғары дәрежеде ұйымдастырылып жүр,-деді өзінің баяндамасында.
Кеңес отырысында сөз алған аудандық мешіттің бас имамы Опа Жүсіп қазіргі таңда ауданда діни ахуалдың тұрақты екенін, өзге ағымда қала басында 15 –ке жуық ауыл азаматтарының барын, сонымен қатар, Сайын мен Ақшұқыр ауылдарында да бірнеше отбасы барын айтты. Жастардың өзге дін жетегінде кетуін алдын –алу бағытында жасалынып жатырған жұмыстар мен жұмыс барысындағы қиындықтарды да сөз етті. Кеңес мүшелерінің алдын алу жұмыстарының ұйымдастырылуы, аудан орталығына әйелдер үшін ұстаз шақырыла ма, медресе жұмысының жүрісі өзге де сұрақтарға жауап алынып, ұсыныстар жолданды. Ақпарттық топ тарапынан түсіндіру жұмыстары барысында оқушылардың еркін сұрақ қоя алмауы, мектептегі «Дін тану» пәні мұғалімдерінің діни сауатын жетілдіру, кездесулердің форматын жастарды жалықтырмайтындай етіп ұйымдастыруды ұсынған кеңес мүшелері аудан бойынша діни тұрақтылық бағытында жасалып жатырған жұмыстарға көңілдері толатынын жеткізді. Соңғы уақытта аудан мешітінде ұйымдастырылып жүрген шаралар мен қайырымдылық жұмыстары, сауат ашу бағытындағы жұмыстар жандана түскен. Әйел ұстаз жоқтығына қарамастан найб иамам Мырза Мұхаммедюсуфұлы арнайы әлеуметтік желіні пайдаланаып ватсап арқылы әйелдердің сұрақтарына жауап беру үшін топ ашып, сол жерде топтағылар тікелей сұрақ қойып, жауап алып жүргендіктерін біліп отырмыз. Бұл да бір жұмыстың үйлестірілуі. Дін – үлкен сақтық пен білімділікті қажет етеді. Кеңес отырысынан ұққанымыз, бала өзге дін жетегінде кетіп адаспауы үшін, алдымен ата-ана діни сауатын ашу керек. Сондықтан, ауданда ата-аналар мен де жұмыс жүргізілуі қажет екені айтылып жиын қорытындыланды.
Милана Елеусінова