Маңғыстау ауданының тұрғындары түйе өліміне қатысты алаңдауда
Амандық-саулықтың өзін «Мал-жаның аман ба?» деп бастайтын қазақ үшін жан амандығымен қатар, малдың да аурусыз болуы маңызды. Фейсбук әлеуметтік желісінде халықтың көңілін күпті қылған жайтты Әділбек Сағындық есімді тұрғын жазды. Ол Маңғыстау ауданында өлген түйенің видеосын жариялап, алаңдаушылығын білдірді. «Ассалаумағалейкүм. SOS! SOS! SOS! Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы Жыңғылды ауылы төңірегінде түйе өлімі күрт көбеюде! Біз көріп отырған жерде бұның алдын алу жұмыстары ешқандай жасалып жатқан жоқ. Неден, не аурумен өліп жатқандарыда беймәлім. Былтыр да осындай күн салқындаған кезде біраз түйе өлген болатын. Биыл былтырғыға қарағанда өлім көбейіп тұр», - деді ол 10 желтоқсан күні жариялаған жазбасында. Бұл жазбаға 78 адам пікір жазып, 59 рет бөлісілген. Пікір қалдырғандардың бірі Еркебұлан Жаулыбаев есімді азамат «Бұл ауру Жармышта былтырдан бар. Ешкім диогнозын таба алмады. Анализін Астанаға дейін жіберді. Және бұл ауру төрт түліктің бәрінде бірдей кездескен, әсіресе жылқы, түйе барлығы да бірінші артқы аяғын белін ала алмайды, жылқы ит құсап шоқиып қалады», - десе, Булдыкыз Муканова есімді оқырман «Мал-жаның аман ба деп бірінші мал азығын сұрайтын халыққа қиын болып жатыр екен. Таңдайына татып, қазанға салып асып, малымен тойымды болып отырған елге қиын екен», - дейді. Видеоға қатысты Маңғыстау облысының ветеринария басқармасының басшысы Маңғыстау облыстық ветеринарлық басқармасының басшысы Шамгали Хами да пікір қалдырыпты. «Осы хабарлама бойынша ертең Маңғыстау аудандық ветеринария бөлімі, ветстанция қызметкерлері жұмыс жасайды, аурудың диагнозын анықтау үшін өлген малдан сынама алынып республикалық зертханаға жолданатын болады», - деді ол. Естеріңізге сала кетейік, 12 желтоқсан күні Маңғыстау ауданының әкімі Ж.Айтуаров журналистермен кездесуінде «Мал болған жерде ауру болады. Жармыш, Жыңғылды, Сай-өтес ауылдарында мал аурулары шықты. Күні кеше Жыңғылды ауылындағы мал өлімі әлеуметтік желіге жарияланыпты, өзім де көрдім. Мамандар дер кезінде барды, зертханаға тапсырды. Олар анықтап, жауабын айтатын болады», - деген еді. Кейіннен осы видеоға пікір қалдырған Асанали Долдаев есімді әкімдік қызметкері 11 желтоқсан күні Маңғыстау аудандық ауылшаруашылығы және ветеринария бөлімінің, Жыңғылды ауылының ветмеңгерушісінен құралған топтың ауыл тұрғындарымен кездескенін жазды. «Жыңғылды ауылы аумағында өлген бұл түйенің иесі анықталмады. Алайда ішін жарып қарау барысында қарын астынан салмағы 4-5 келідей болатын іріңді жара анықталды. Түйенің анық қашан өлгені белгісіз иістеніп кетуіне байланысты қажетті материал алу мүмкіншілігі болмады. Түйенің осы іріңді жара кесірінен өлген деген тұжырымға келді», - дейді ол. Билік өкілдерінің мал иесін таба алмадық дегеніне қынжылған видеоның авторы «Сүйіншісін беріп жіберерсіздер. Малдың иесі Шетпеде тұратын Ерлан есімді жігіт. Тегі Жүнбасов болуы керек, - деп мысқылдай келе, - Мына малдың қандай аурумен ауырғанын тексеру үшін, тірі малдан емес, өлген малдың ағзасын алып тексеруге жіберу керек. Мал өлді, енді соның ағзасын алып жіберудің орнына "мынаның өлгеніне 2-3 күн болған, бұның ағзасы тексеруге жарамайды. Бізге қазір өлген мал керек" - дейді. Ал малдың бәрі далада, қазір өлген малды қайдан табамыз? Малдың өлгеніне бірнеше күн болса да, оның ағзасындағы аурудың вирусы өліп қалуы мүмкін емес қой», - деп ортаға орынды сауал тастады. Осы видео жарияланғаннан кейін 3 күн өткенде «Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, Жыңғылды ауылы төңірегінде түйе өлімі жалғасуда!» деген тақырыппен екінші видео жарияланды. Онда ауыл маңынан табылған екі түйенің өлігі көрсетілген.«Зиянын пластиктің біле ме екен?»
IT маманы Өмірбек Құрбанбаев Фейсбукте пластик пакеттердің зияны туралы маңызды мәселені көтеріпті. Жазбасын «Біздегі супермаркеттердің кассасына келсең бірінші қоятын сұрағы: "Пакет қажет пе?" Саудасы осы полиэтилен пакетті сатудан тұратындай тықпалайды ғой, сатушы қыздар», - деп бастаған ол Прагада оқуда жүргенде супермаркетте өзі куә болған оқиғаны баяндаған. «Алғашқы барғанда заттарымды кассадан өткізіп есебін шығарды. Заттарды салып алатын дым жоқ, бір пакет сұрадым. Артына бұрылып бір пакетті жұлып алды да "С вас три крона" деп алдыма тастады. Екінші, үшінші, төртінші рет барған күндерімде де пакетті осылай сұрап алып жүрдім. Ыңғайсыз екен, ақылы жетпей ме деп қоямын. Кейінгі рет барғанда вапше үдетті, "Слушайте, в следующий раз приходите со своим пакетом, вы же каждый раз их покупаете. Это же полиэтилен" демесі бар ма?! Экологияға жаны ауыратындарын сонда түсінгем», - деп аяқтады жазбасын. Пластик дүниелердің экологияға зиян екендігін айтқан журналист Белла Орынбетова «Біздікілер ренжиді ғой 5 теңгеге пакетті сатқанына. Негізі пакеттің бағасын көтеру керек. Жер-көктің бәрі - пакет» десе, Dastan Myrza есімді желі қолданушысы «Неге осы өзіміз матадан, сеткадан қалталар жасап алып, соны трендке айналдырмаймыз» деген ойды ортаға тастады. Ал Жандос Шопанов есімді азамат «Түсініктері күшті-ау» деп таңданысын жасырмады. Пластик тақырыбын Андрей Зубов есімді журналист, pr маманы да қозғаған. Ол Фейсбуктегі парақшасында Ероодақтың бір реттік пластик бұйымдарды (тәрелке, шарқалта, т.б.) қолдануға тыйым салғаны туралы ақпаратпен бөлісті. Келісімге сәйкес, 2021 жылға дейін ЕО елдерінде бір реттік пластик бұйымдар толықтай алынып тасталмақ. Ал ылғалды сүрткіш сияқты құрамында пластигі бар заттарға міндетті түрде қоршаған ортаға зиянды екені туралы ескертпе жазылуы тиіс. Осылайша, 2025 жылға дейін ЕО пластик бөтелкелердің 90 пайызын қайта өңдеуді жоспарлап отыр. Еуропарламенттің мәліметінше, мұхиттағы қалдықтардың төрттен үші пластик екен. Ақпаратқа пікір білдірушілер "бізде қашан тыйым салар екен", "оны немен алмастырады екен: майонез, қаймақ сияқты өнімдерді неге салады? Шыны ыдыс па? Демек, бағасы қымбаттайды", "бұрын осы пластиксіз өмір сүрдік қой" деп жазды.Камшат ОҢҒАЛТАЙ, Коллажды дайындаған Ақерке ГАГАРИНА