Бейнеу ауданының әкімдігі Ютуб әлеуметтік желісінде «Бейнеу ауданының әкімі Әбілов Бейнеубек Көңілімқосұлының үйі екен» деп жарияланған видеоны жалған деп мәлімдеді. Кеше 18 желтоқсан күні ғана «Бәсе» каналына салынған видео 152 345 рет қаралып, 1 588 пікір жазылып үлгерген, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Видеода әлдебір келіншек жанындағы бірнеше серігіне екі қабатты зәулім үйді аралап, таныстырып жүр. Жүздеген шаршы метрге жететін жекежай алтынтүсті декормен, үлкен аспашамдармен және қымбат жиһазбен жабдықталған. Жекежайда ұлдар мен қыздарға бөлек балалар бөлмесі, жуынатын бөлмелер қарастырылған.
Бірақ Бейнеу ауданы әкімдігі Фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасында бұл үйдің аудан әкіміне тиесілі еместігін жариялады.
«Ютуб» желісіндегі «Басе» каналына Бейнеу ауданының әкімі Әбілов Бейнеубек Көңілімқосұлының үйі деп шыққан видео жалған. Аудан әкімінің үйі емес, видеода әкімге қатысты ешқандай сөз де, суретте жоқ. Әлеуметтік желіде тараған жалған видео және жалған ақпарат таратқандар анықталып, шара қолданылатын болады», - деді әкімдіктегілер.