Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11 «D» сынып оқушысы Фарида Оспанова ғылыми жетекшісі Айгүл Айтанмен бірге Маңғыстау облысы Түпқараған ауданының территориясында орналасқан Қапы аңғарын туристік орталыққа айналдыруды ұсынды.
Алматы қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде өткен аптада ұйымдастырылған ғылыми жобалар сайысына қатысқан Фарида Оспанова Қапы аңғарын туристерге қызығатын орындардың бірі деп есептейді.
"Біз оқу жылының басында қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімім Айгүл Ілесқызымен Қапы аңғарына бардық. Сол жердің сұлулығын көріп не себепті туристік кешенге айналдырмасқа деген ой келді. Қапының туристік орталық болуына мүмкіндік беретін бірнеше себеп бер: аңғардың ішкі-сыртқы әдемі көрінісі; қапы ішіндегі көне құдықтар мен тас астаулар; тіп-тік таудың бауырындағы шар тәріздес, кісі бойынан асатын, қашалып жасалған құпия жазулары бар аумақты дөңгелек тас пен соның көлеміндей күп және тау етегіндегі мәуелей өскен тұт ағашы; қапы ішін бойлай аққан ащыағар сулары мен Таушықтан Сарытасқа дейін тартылған теміржолдан қалған бейне-белгілер; қапы ішіндегі "Елбасқан" жері; аңғар бойлап қаптай өскен жыңғыл ағаштары,тау шыңдарының төбесінен қарап тұрған арқарлар", - дейді Фарида.
Оның айтуынша, ғылыми жоба барысында қазылар алқасына туристік орталық атану үшін атқару керек жұмыстар ұсыныс ретінде берілген.
"Біздің ойымызша Қапы ауызына жақын жерден саяхатшылар көңілінен шығатындай туристік комплекс-парк тұрғызылса, тұрғын жайдан дөңгелек, таңбалы тас тұсына дейін аспалы көпір тартып, одан төмен тау етегіне түсетін тас баспалдақ жүргізілсе бұл жер саяхатшыларды ерекше қызықтыра түсер еді", - дейді жоба жетекшісі Айгүл Ілесқызы.
Байқауда әділ-қазылар мүшесі оқушының жұмысын ерекше бағалап республикалық сайыста «өлкетану» секциясында II жүлделі орынға ие болды.
Ақтау қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінен аттанған 11 «D» сынып оқушылары Ғаламмадин Асқар мен Гүлназ Жұмахан да жалпы білім беретін пәндер бойынша ғылыми жобалар конкурсының физика пәні секциясында «Күн батареяларын ауыл шаруашылығында қолдану және оның тиімділігін актуатор арқылы арттыру» тақырыбындағы жұмысымен III орынға ие болды.
Сондай-ақ 9-сынып оқушысы Ерлан Тұралы да техника секциясында III орынға, «тіл білімі» секциясы бойынша 10-сынып оқушысы Айдана Бакитова I орынға лайық деп танылды.
"Жарысқа 12 ғылыми жоба өтті. Бірақ соның 8-і қатысып, 4-еуі жеңімпаздар қатарынан көрінді", - дейді мектеп директорының ғылыми-әдістемелік жұмыстары бойынша орынбасары Бақытгүл Жақсылықова.
Айта кетейік, бұл жалпы білім беру пәндері бойынша ұйымдастырылатын ғылыми жобалар байқауын "Назарбаев Зияткерлік мектептері" дербес білім беру ұйымы жыл сайын өткізеді.
Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ
Басты суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН