"Ақтау қаласында бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін қызметкерлердің ең төменгі жалақы мөлшері 2019 жылы 1 қаңтардан бастап 1,5 есеге яғни 28 284 теңгеден 42 500 теңгеге дейін артады. Қалада бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін 1354 қызметкердің еңбекақысы орта есеппен 35%-ға өседі. Сондай-ақ 8813 мүгедекке берілетін жәрдемақы мөлшері де көбейеді. Сол себепті, әр бюджеттік мекеме өз қызметкерлерінің жалақысын көбейту бойынша тиісті есептерді қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөліміне тез арада тапсыруы қажет", - деді Ақтау қаласының әкімі Ғалымжан Ниязов қала активінің жиналысында.
Ғалымжан Мұқырұлы мемлекет басшысы Н.Ә Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына жолдауының негізгі бағыттарын және одан туындайтын қаламыздың міндеттерін орындау аясында қала деңгейінде атқарылуы тиіс шаруаларға тоқталды.
Қала активіне қала әкімінің орынбасарлары, мемлекеттік мекеме басшылары, қызметкерлері, «Нұр-Отан партиясы» Ақтау қалалық филиалы төрағасының орынбасары, қалалық мәслихаттың депутаттары, қоғамдық кеңестің мүшелері, аумақтық мемлекеттік органдардың кәсіпорын басшылары, ардагерлер алқасы, жастардың өкілдері және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері қатысты.
Ақтау қаласының әкімі Ғалымжан Мұқырұлы баяндамасында, алғашқы бастама халықтың табысының өсуіне тоқталды.
Сонымен қатар Ғалымжан Ниязов орта және шағын бизнес өкілдеріне қатысты міндеттерді айтып, ең бастысы кассалық құрылғыларды орнатып, пайдалану қажеттігін ескертті. Сондай-ақ тұрғындар арасында кассалық түбіртекті талап ету, қолма-қол ақшасын есептеспеу жөніндегі түсіндіру жұмыстары жүргізілуі тиістігін айтты. Осы бағыттағы жұмыстарды күшейтуді экономика және бюджеттік жоспарлау бөліміне мемлекеттік кірістер басқармасымен бірігіп жүргізуді тапсырды.
Бизнесті заңсыз әкімшілік қысымнан және қылмыстық қудалау қаупінен қорғау бойынша жыл өткен сайын бизнес үшін қолайлы жағдай жасалып, тексерулер саны қысқаруда (2017 ж. 5 ай – 874, 2018 ж. 5 ай – 492 немесе 43%-ке қысқарды). "Алайда бизнес те өзінің жауапкершілігін ұмытпауы тиіс",- деді Ғ.Ниязов.
Бұдан соң Ақтау қаласының әкімі білім саласындағы өзгерістерге тоқталды:
"Шахарда 3 пен 6 жас аралығындағы балалардың мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылу көрсеткіші 92%-ды құрайды (2016 жыл – 98%, 2017 жыл – 96%). Жыл басынан бері барлығы 345 орындық 3 жекеменшік балабақша іске қосылды. Тағы да 5 нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Нәтижесінде көрсеткіш 98%-ға жетеді. 2019 жылы қаладағы барлық мектептерде Назарбаев зияткерлік мектептерінің стандарттары енгізілуі тиіс".
Қаланың көп қабатты тұрғын үйлеріне және әлеуметтік нысандарға (мектеп, балабақша) автоматтандырылған жылу бекеттерін орнату мүмкіндігі қарастырылуда. 30, 32а, 33 шағынаудандарда жаңадан салынған үйлерге 43 автоматтандырылған жылу бекеттері салынып жатыр. Сондай-ақ №14, 43 балабақшалар мен 3 мектепке жылу бекеттері қойылды.
Бұдан бөлек 16 шағынауданда және 31А шағынаудан бұрын берілген екі кәсіпкердің жерлері мектептер құрылысына алынып, жобалары жасақталуда.
"2018-2019 оқу жылдарында мектептердегі бала саны – 38504 (380 бала екі ауысым аралығында оқып, мектеп үш ауысымда білім беруде). 2019 жылы 1356 бала бітіреді. 2019 жылы 5800 бала 1 сыныпқа келіп, мектептердегі бала саны шамамен 42948-ге жетеді. Сонымен келесі жылы жаңа шағынаудандардағы мектепке сұраныс 1207 орынға жетпек. Бұл жаңа шағынаудандарда шұғыл түрде жаңа мектеп салу - кезек күттірмейтін мәселе", - деген Ниязов білім және құрылыс бөліміне бір апта ішінде мектеп құрылысының схемасын жасауды тапсырды.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша учаскелік медициналық қызметкерлердің жалақысы кезең-кезеңімен 20%-ға өсетін болады. Қалада 82 медициналық қызметкер көтеріңкі жалақы алады. Қала әкімдігі бойынша медицина саласын үйлестіретін бөлім жоқ болғандықтан Ғ.Ниязов медицина жөніндегі бас инспектор бірлігін ашып, оған маманды қабылдау конкурстары ұйымдастырылатынын айтты.
Жиын соңында қала әкімі Ғалымжан Ниязов Ақтаудың 55 жылдығына орай бірқатар азаматқа мерекелік төсбелгі табыстады. Марапатқа ие болғандар қатарында "Маңғыстау" редакторының орынбасары Мұрат Жетекбай мен "Огни Мангистау" газетінің тілшісі Надежда Шульга да бар.
Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="63349,63350,63351"]