Жылыту маусымы басталған кезде Ақтауда жыл сайын ыстық судың орнына лас су ағады. Тіпті киім жууға, суға түсу үшін су жылытып әуре боламыз, оған уақытымыз кетеді. Онымен қоса лас су ваннаны да бүлдіреді. Бұл жағдай жылда қайталанып келеді. Қап-қара суды ағарту үшін сағаттап сарылдатып ағызып қоятынымыз бар. Неліктен лас суды қолдануға мәжбүрміз? 21 ғасырдағы қала тұрғынының әрекеті неге мұндай болуы тиіс?
Бұл жағдайды бүгін Ақтау қалалық әкімдігінде "Жылыту маусымына дайындық" тақырыбында өткен брифингте «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС департамент директорының орынбасары Сәбит Желкушинов былай түсіндірді:
«Әрине, жылу берілген соң ыстық судың бірден лас болып ағуы тұрғындарды алаңдатады. Бұл жағдай он күндікте жөнделеді. Осы уақыт аралығында мамандар құбырларды сүзгілер арқылы жуып, тазалайтын болады», - деді ол.
Мамандар тұрғындарға осы 7-10 күн көлемінде құбырдан лай сау ағатынын ескертіп, ыстық суды мүмкіндігінше шектеп пайдалану керектігін айтты.
Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ, Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН