Маңғыстау облысында 160 салық төлеуші (кафе, мейрамхана, шаштараз) салық есептілігін нөлдік көрсеткішпен беріп, жұмысшыларын жасырып келген. Бұл туралы мемлекеттік бюджеттің кіріс бөлігінің орындалуы бойынша кеңейтілген кеңесте Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Данияр Жаналинов айтты. Жиында салықтан жалтарған салық төлеушілер мен облыс аумағында бюджетке қосымша кіріс көздерін табу жайы сөз болды, - деп хабарлады mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«2018 жылдың І жартыжылдығында Маңғыстаудың жергілікті бюджетіне 64 454,1 млн теңге түскен. Осылайша, жергілікті бюджет кірістері бойынша жоспар 88,9% орындалды. Ал жоспар 103 168,6 млн.теңге болса, іс жүзінде 91 683,3 млн. теңге түскен. Ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша жергілікті бюджетке күтілетін түсімдер 132 915,5 млн.теңгені құрайды, бұл бекітілген жоспардан (жоспар 139 958,4 млн. теңге) аз», - деп атап өтті ол.
Д. Жалдинов еңбекақы төлеу қорын жасыратын және қызметкерлер бойынша ең төменгі жалақыны көрсететін салық төлеушілер бойынша атқарылған басқа да жұмыстарға тоқталды. Айтуынша, 59 салық төлеуші (кафе, мейрамхана) кіріс көлемі мен жұмысшыларының санын төмен көрсеткен.
Сонымен қатар жылжымайтын мүлікті тіркеу жөніндегі уәкілетті органдар есепке алмаған жеке жайлар мен коттедждердің мүлік мен жер салығының төленбеген.
Ал сұйытылған газдың бөлшек сауда нарығындағы айналымының айырмашылығы 1 296,2 млн. теңгеге жеткен. Қазіргі таңда жергілікті бюджетке тек 15,2 млн. теңге салық келіп түскен. Қалғандарына қатысты Салық кодексіне сәйкес шаралар қабылдануда.
«2016, 2017 және 2018 жылдың 1 жартылдығындағы ойын бизнесі саласында жүрген камералық тексерудің нәтижесінде, 13 салық төлеушінің 106 979,8 мың теңге салықты төлемегені анықтады», - деп атап көрсетті Д.Жалдинов.
Сондай-ақ қоршаған ортаға эмиссиялар үшін төлемнің толық түсуін қамтамасыз ету, заңды тұлғалардың көлік салығынан жалтаруы, жеке тұлғалардың көлік салығы бойынша берешегі және сот орындаушылардың оны өндіріп алудағы мәселелер туралы айтылды.
Кеңесте көтерілген мәселелерді ескере отырып, Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов барлық уәкілетті органға, қала және аудан әкімдеріне бірқатар тапсырмалар берді. Салықтан жалтарған немесе жалған дерек көрсетіп мемлекеттік төлемнен жалтарған жеке және заңды тұлғаларға арнайы тексеріс жүргізіп, бір ай бойы құзырлы органдарға рейд ұйымдастыруды тапсырды және тұрғындарды азаматтық борышы ретінде өз еркімен салық төлеуге шақырды.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ