Бүгін Н.Жантөрин атындағы облыстық музыкалық-драма театрының сахнасында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Маңғыстау облысының құрметті азаматы, облыстың мәдениетіне орасан зор үлес қосқан Мұханов Нұрнияз Мұханұлының 70 жас мерейтойына орай ұйымдастылырылған облыстық фольклорлық ансамбльдер байқауы өтті.
Байқаудың негізгі мақсаты – Маңғыстаудағы мәдени құндылықтарды насихаттау, көне музыкалық аспаптарымызды қайта жаңғырту, облыстағы өнер мен мәдениет ұжымдарының, соның ішінде фольклорлық ансамбльдердің құрылып, қалыптасуына себепкер болған бүгінгі мерей той иесіне деген құрмет көрсету.
«Нұрнияз Мұхановтың мерекесін біз өнердің тойы деп бағалап отырмыз. Өйткені, шілде айынан бері мәдени шаралар легі әлі күнге дейін жалғасып келеді. Бұл да өнерге деген құрмет. Өмірінің 45 жылын өнерге арнаған Маңғыстауда жалғасып отыр. Заманымыздың заңғарлары, Өзбекәлі Жәнібеков, Еркеғали Рахмадиев, Әбіш ағамыз секілді көркемөнерпаздарды тәрбиелесе, Нұрнияз аға оларды кәсіби деңгейге шығарды. Бүгінгі байқау сіздің артыңыздан ерген шәкірттеріңіздің құрметі. Шаралардың басын осы ұжымымыздан бастауды жөн көрдік. Сізге елбасының Маңғыстау мәдениетінің министрі деген атағынан басқа атақ жоқ деп ойлаймын», - МО мәдениет басқармасының басшысы Пәния Сармурзина.
Айта кетейік, облыстық фольклорлық ансамбльдер байқауы биыл үшінші рет өткізілуде. Бірінші фольклорлық ансамбльдер байқауы – Маңғыстаудың сирек айтылатын әндерін кейінгі ұрпаққа жеткізуші Ізбасар Шыртановқа арналған болатын. Одан кейінгі байқау Маңғыстаудың бірінші күйшісі атанып жүрген Орынқұл Сариевке арналса, үшінші мәртебелі байқау – өнердің өр азаматы атанған, Маңғыстаудың өнері мен мәдениетіне зор үлес қосқан тұлға Нұрнияз Мұхановқа арналып отыр.
«Менің азғантай ғана міндетімді атқарып, адал қызмет істегенімде, үлкен дәрежеге көтеріп, бағалап жатқан, облыстың әкішілігіне, мәдениет басқармасына, халық өнерін насихаттайтын облыстық ғылыми методикалық орталыққа, бүкіл өнер және мәдениет қызметкерлеріне осындай шара өткізіп жатқанына алғысымды білдіремін. Бүгінгі залдың лық толып отырғаны, Маңғыстау мәдениетінің артқаны болып есептеледі. Мәдениетіміз өрлесін деген мақсатпен қызмет істедім. Қазақстанымыздың бүкіл дүниежүзіне байлығын да, мықтылығын да көрсететіні - мәдениет пен спорт. Сондықтан да осы салада еңбектеріңіз жансын, өнерлеріңіз артсын. Қатысушыларға табыс, шабыт тілеймін!», - деп лебізін білдірді Маңғыстау облысының құрметті азаматы Нұрнияз Мұханұлы.
Байқауға Ақтау қаласынан «Ақтау сазы» фольклорлық ансамблі, Мұнайлы ауданынан «Ақжелең» фольклорлық ансамблі, Қарақия ауданынан «Жетібай сазы» фольклорлық ансамблі, Бейнеу ауданынан «Бейнеу фольклорлық ансамблі», Маңғыстау ауданынан «Отпан» фольклорлық ансамблі және Жаңаөзен қаласы «Домбыра сазы» фольклорлық ансамблі қатысты. Фольклорлық ансамбльдер байқауында бір топта 4-5 адамнан қатысты. Қатысушылар ән айтып, күй тартылып өз өнерлерін барынша ортаға салды.
Сайыс өте тартысты өтті. Жеңімпаздар қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Фольклорлық ансамбльдер байқауында қазылар алқасының шешімімен төмендегідей жүлделі орындар белгіленді:Бас жүлде – Жаңаөзен қаласы «Домбыра сазы» фольклорлық ансамблі, жетекшісі: Мейрамгүл Иламанова
I – орын – Қарақия ауданы «Жетібай сазы» фольклорлық ансамблі, жетекшісі: Әлібек Мұратов
II – орын – Маңғыстау ауданы «Отпан» фольклорлық ансамблі, жетекшісі: Қойшығұл Шаухаров
III – орын – Ақтау қаласы «Ақтау сазы» фольклорлық ансамблі, жетекшісі: Айсұлу Атабаева
Алғыс – Мұнайлы ауданы «Ақжелең» фольклорлық ансамблі, жетекшісі: Жеңісбай Тәуірбаев, сондай-ақ Бейнеу ауданы «Бейнеу» фольклорлық ансамблі марапатталды.
Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ
[gallery ids="60691,60692"]