Бүгін облыс әкімі Ералы Тоғжанов Жақсылық Үшкемпіров бастаған бір топ спорт майталмандарымен кездесті. «Жақсылық Үшкемпіровтің жүлдесіне арналған грек-рим күресінен турнирдің Маңғыстауда өтуі зор мәртебе. Кеше ғана Елбасымыздың қолынан Еңбек Ері деген марапатты алдыңыз. Елбасының жанында тұрған Жақсылық аға бақытты шығар деп ел ойлайтын болар. Бірақ сол еңбектің артында қаншама маңдай тер, зор ұмтылыс, халыққа деген сүйіспеншілік жатыр», - деп сөзін бастады Ералы Лұқпанұлы.
- Қасиетті Маңғыстау жеріне қош келдіңіздер, спорт майталмандары! Елдің ерен тұлғасы, еңбек ері, қоғам қайраткері Жақсылық Үшкемпіров алдарыңызда отыр. Араларыңызда күресетін адам бар ма? Жақсылық ағамен күресуге қалай қарайсыздар? - деп қалжыңдады облыс әкімі.
Жақсылық Үшкемпіров – 1980 жылы Мәскеуде өткен жазғы олимпиада ойындарының жеңімпазы, әлем чемпионы, әлем кубогының күміс жүлдегері, екі дүркін Кеңес Одағының чемпионы, еңбек сіңірген жаттықтырушы және Қазақстанның Еңбек ері.
Маңғыстауда тұңғыш рет 3-6 мамыр аралығында Ж.Үшкемпіровтың жүлдесіне арналған грек-рим күресінен халықаралық гран-при турнирі өтуде. Халықаралық турнирге жан-жақтан спорт саласына еңбегі сіңген азаматтар келуде.
Айта кетейік, аталған турнирге 15-тен аса шетелдік мемлекеттердің командалары қатысады. Қазіргі таңда Украина, Грузия, Армения, Тәжікстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Қырғызстан мемлекеттері ниет білдірді.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Өнер колледжінде суретшілер көрмесі өтті (ФОТО)- Қазір республика көлемінде грек-рим күресіне айрықша көңіл бөлініп келеді. Бәріміз де ауылдан шықтық. Сол себепті ауылдың, облыстың деңгейіндегі спортты көтеруіміз керек. 26 жыл бұрын спорт саласы қалай еді, қазір қандай? Спортта үлкен өзгерістер болды. Маңғыстау елі де біршама өзгеріпті. Ақтау ерекше әдемі қалаға айналған. Бұрынғы Ақтаумен мүлде салыстыруға келмейді. Сіздер киелі жердің ұрпақтарысыздар. Киелі мекеннен әлемді мойындатқан спортшылар шықсын деп тілеймін, - деді Жақсылық Үшкемпіров.
Сондай-ақ кездесуде Атланта Олимпиадасының чемпионы, Әлем чемпионы, Үш дүркін Азия чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы, Қазақстанның жеті дүркін чемпионы, 2004 жылдан бері Қазақстан Республикасының күрес федерациясы мен қауымдастығының вице-президенті Юрий Васильевич Мельниченко, грек-рим күресінен Қазақстан құрамасының мемлекеттік жаттықтырушысы Мейірхан Рахметов, Грем-рим күресінен Әлем чемпионы, Пекин олимпиадасының күміс жүлдегері, Алматы облысы жоғары спорттық шеберлігі мектебінің басшысы Нұрбақыт Теңізбаев, Азия Күрес Кеңесінің Президенті, грек-рим күресінен КСРО бойынша жеті дүркін чемпионы, Әлем және Азия ойындарының жеңімпазы, 1988 жылы өткен Сеул Олимпиадасының күміс жүлдегері Дәулет Болатұлы Тұрлыханов, Афина Олимпиадасының күміс жүлдегері Георгий Цурцумия, жастар арасындағы әлемнің екі дүркін чемпионы Әсет Иманбаев т.б. азаматтар қатысты.
Облыс әкімі кездесуден соң Жақсылық Үшкемпіровке шапан жапты.
Айгүл ДӘДЕН Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ