Бала күннен «Ақжарма» ансамблінің алдыңғы легінде бәрінен ерекшелеу отыратын орта жастағы апайды жиі көріп таңданатын едім. Бәлкім, ол менің кумиріме айналған шығар. Өйткені оркестрдің қай концертіне келсем де, алдымен сол апайды іздейтін болдым. Алдыңғы қатарда отырғанын көргеннен кейін, жаным жай тауып, ары қарай концертті тамашалайтын едім. Ол менің бүгінгі кейіпкерім – Роза Тайманқызы Айдарбаева.
Роза Тайманқызы – өзінің репертуарының көлемділігімен, заманауилығымен, жаңаша үрдістерімен тыңдарманын таңқалдырып жүрген күйші. Маңғыстау облысы, Қаратау бауырындағы Таушық кентінде дүниеге келген Роза апамыз 1987 жылы Маңғыстау топырағында Қартбай, Есір, Өскінбай, Мұрат, Құлшар, Қоңыр сынды дүл-дүл күйшілердің туындыларын «Маңғыстау күйлері» деген атпен нотаға түсіріп, жеке кітапша етіп, 1990 жылы Есір Айшуақұлының туындыларынан 16 күйін жинап, «Ақжарма» топтамасын шығарған. 1996 жылы Роза Тайманқызы Айдарбаеваға Қазақстан Президенті жарлығымен Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі атағы берілді. Бұл - оның ұзақ жылдар бойғы өнер жолындағы табысты еңбегін құрметпен бағалау. Оған 1992 жылы ««Қазақстан Республикасы Ағарту ісінің үздігі» белгісі берілді, ал 1997 жылы «Құрмет» орденімен марапатталды. Ақын Фариза Оңғарсынованың өзі Роза апамызға «Қазақтың көзі тірі Динасындай» деп баға берген екен. Ары қарай өз өмірі өрнектелген сұхбатына кезек берелік.
- Таушықта дүниеге келгеніңізді білеміз. Әкеңіз марқұм Тайман Айдарбаев сізге домбыра ұстауға себепші болыпты. Өнер әлеміне қалай келдіңіз?
- Өнермен өзімді егіздей сезінемін. Қазақтың өнері, Маңғыстаудың өнері дегенде жаным ашитын адамның бірімін. Әркімнің тағдыры әр түрлі ғой. Менің тағдырым осы күй өнері шығар. Әкем өнерді қатты сүйетін, бірнеше күй шығарған, 25-тей күйдің авторы. Анам да қолы қалт етсе ән салатын болған. Менің атымды «Роза Бағлановадай әнші болсын» деп Байшабай көкем қойған. Әжем де өнерден кенде емес, Айдарбай кәкеміздің көзін көрдік. Ол кісі де домбыра тартып отыратын. Әкем 6 жасымда қолыма домбыра ұстатты. 9 жасымда алғаш рет Таушықта кішкентай ғана сахнада Қ.Тастановтың «Би күйін» тартып, жүлделі орынға ие болдым. Сол кездері жыл сайын мамыр айында мектепаралық олимпиада болып тұратын. Бауырларымның бәрі де өнерлі, домбыра, гитарада ойнайды. 1970-1974 жылы Атыраудағы музыка училищесінде домбыра класын аяқтадым. Кейін 1974-1379 жылдары Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясын бітірдім. 1984 жылы ҚР Мәдениет қызметкері О.Құлсариевтің жетекшілігімен «Маңғыстау маржандары» ән-би ансамблі құрылды. Сол ансамбльге жетекші-домбырашы болып орналастым. Осы ансамбль құрамында Аманбек Сүндетов, Хадиша Балапашева, Ақсұлу Құдабаева, марқұм Жабал Құдабаев, биші Жеміс Сүйеуова сынды өнер қайраткерлері болды. 1986 жылы аудандық атқару комитетінің бірінші хатшысы Есен Күмісқали, облыстан Нұрнияз Мұқанов Алжирдегі дүниежүзілік Х фестиваліне «Маңғыстау маржандары» би-ансамблін бастап барды. Сол кезде Құрық әкімшілігі ансамбльге ерекше көңіл бөліп, көп жерде демеуші болды. Алжир сапарында орындалатын әрбір шығарма үшін жеке костюмдер тіккізді. Ансамбль мүшелеріне Құрықтан тұрғын үй берілді. Алжирге барған тұста сол елдің көрермендері қазақтың ұлттық киімі мен ұлттық классикалық өнеріне тәнті болды.
- «Ақжарма» ансамблі десе, ең алдымен сіз көз алдымызға келесіз. Ансамбль қашан құрылды, алғашқы құрамда кімдер болды?
- «Ақжарма» ансамблі 1992 жылы қаңтар айында ашылды. Сол кезде филармония басшысы Нұрнияз Мұқанов болатын. Ансамбльдің құрамында Аманбек Сүндетов, Айтберген Жаңбыршы, Хадиша Балапашева, Ғанипа-Аман Садықовтар болды. Маңғыстауда кәсіби ансамбль ашу керек деген ой жүзеге асты. Сол кезде мамандар тапшы болды. 1992 жылдың шілдесінде Ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Мәдениет министрі Еркеғали Рахмадиев, заңғар жазушы Әбіш Кекілбайұлы бастаған зиялы қауым Маңғыстауға сапармен келді. Форт-Шевченко қаласында киіз үй тігіліп, қонақасы берілді. Сол кеште «Ақжарма» ансамблі зиялы қауым алдында өнер көрсетті. Қатты риза болған Мәдениет министрі Еркеғали ағамыз «Ақжарма» ансамблін қазан айындағы Түркия елінде өтетін Азия елдерінің өнер фестиваліне жолдама берді. Түркияға Нұрнияз Мұқанұлының бастамасымен Ізбасар Шыртанов, Сержан Шәкірат сияқты жоғары буын өкілдері, мәдениет басшысы Құжырғали Төлеуішов те барды. Түркиядан үлкен жетістікпен оралдық. 1994 жылы Қытай Республикасына барып, 80 ел қатысқан дүниежүзілік өнер фестивалінде «Ақжарма» өнер көрсетті. Сонда Қытай телеарналарының күй тартып жатқанымыздағы әрбір қимылды жазбай танып, видеоға өте сапалы түсіргендігін еске сала кетейін. Қазақтың әлі де үйренері көп қытайлардан. Елдегі операторлар күй орындап отырғанда, қолдың неше түрлі ойнау қимылдарын емес, қайдағы бір бас киімнің үкісін немесе тауды көрсетіп кетеді. 2001 жылы Францияға, 2008 жылы Украинаға, 2008 жылы Вашингтонға авнсамбльмен сапарладық. Барлығында да үлкен мақтанышпен, абыроймен оралып отырдық. Қазақтың төл өнеріне шетелдіктер риза болды.
- «Ақжарма» ансамблі ашылғаннан бері құрамындасыз. Бүгінгі «Ақжарма» мен бұрынғы ансамбльдің айырмашылығы қандай еді?
- «Ақжармада» 20 жылға жуық жетекші-домбырашы болыппын. Қазіргі оркестрді нашар деп айта алмаймын. Консерваторияны бітірген кәсіби жас мамандар толықтырып жатыр, бұған әрине қуанамыз. Талантты әнші-жыршы, күйшілер келіп жатыр. «Ақжарманың» репертуары бұрынғымен салыстырғанда кеңейіп келеді. Шетелге шығып жүр, облыстағы мен деген концерттер «Ақжармасыз» өтпейді. Өскелең ұрпаққа мендей болмадың деп ренжуге болмайды. Былтыр ансамбльдің 25 жылдығы тойланды.
- Қазір «Ақжармамен» бірге концерттерде өнер көрсетесіз бе?
- Өткен жылы Астанада «Эксподағы Маңғыстау күндеріне» қатыстым. Жоспарлы концерттерде жеке орындаушы ретінде сахнаға шығып тұрамын.
- Қай оркестрді алсақ та, сіз сияқты жасы ұлғайған шақта алдыңғы қатарда ойнап отыратын өнер иесі аз. Оркестр мүшелігінде жасы үлкен азаматтар аз бола ма?
- Бірен-саран болады, бірегей болады. «Ақжарма» коллективі жыл сайын өзгеріп тұрады. Бір жылдары оркестрде кіл қыз бала отырса, енді бір жылы жігіттер қатар отырып қалады. Кейбірі отбасылық жағдаймен кетіп жатады, енді бірі жаңа бітіріп келгендер дегендей. Өнер құрбандықты талап етеді. Сапа жақсы болу үшін құрамның жиі өзгермегені жақсы. Дегенмен, тіршіліктің заңдылығы сондай. Мен күйге өмірімді арнаған жанмын, бәлкім сол себепті оркестрде ұзақ отырдым.
- Роза Айдарбаева атында конкурс жарияланбақ дегенді естідік...
- Маңғыстау облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен, 2018 жылы қазан айында менің атымда республикалық қыз-келіншектер конкурсы өткелі отыр. Конкурс әкем Тайманның өз күйлері, менің күйлерім және белгілі классикалық күйлерді орындау шеберлігі бойынша 3 турдан тұрады.
- Сіз – үлкен ұстазсыз. Бірнеше шәкірт дайындап келесіз. Шәкірттеріңіз туралы айтсаңыз.
- 1975 жылдан бастап, Алматыдағы С.Прокофьев атындағы музыка мектебінде домбырадан сабақ бердім. Кейін 1979 жылы Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясында домбыра класының профессоры Құбыш Мұхитовтың класын бітірген соң, консерваторияда ұстаз болып, қалдырылдым. 1984 жылы елге оралып, Құрықта өнер мектебіне сабақ бердім. Құрықта жүргенде, алғаш Маңғыстау күйлерін нотаға түсірдім. 1987 жылы Ақтаудағы 1-қалалық музыка мектебіне ауыстым. 1987 жылдан бастап Е.Айшуақұлы атында музыка мектептері арасында облыстық күй орындаушылары конкурсы өтіп тұрды. Сол конкурста шәкірттерім Әлия Мұратова, Әсет Мұратов, Меруерт Күмісқалиева, Гауһар Мұқановалар тұңғыш Е.Айшуақұлы атындағы конкурстың лауреаттары атанды. Маңғыстауда 1993 жылы Өнер колледжі ашылды, кейін колледжге ауыстым. Өнер колледжінен шыққан атақты шәкірттерім – Абылай Тілепбергенов, Жұмагүл Түйте, Дина Ғалым, Нұржан Жолдасов, Еркебұлан Соңғыбаев, Сүндет Аймағамбетов т.б. Әр шәкіртімнің тағдыры әр түрлі. Бірі ғұмырын күйге арнап, Алматыда жеке орындаушы ретінде танылып жүр. Ал кейбір шәкірттерім ұстаздықты таңдайды. Енді бірі Маңғыстауға қайтып келіп, «Ақжарма» оркестрі қатарынан көрініп жүр. Маңғыстау аудандарында жүрген шәкірттерім де жеткілікті.
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="53390,53392,53141"]- Туған ауылыңыздың балаларын да күйге дайындауға атсалысыпсыз...
- 1965 жылы Тұщыбекте Естөре Оразақов атындағы санаторий ашылған болатын. Өкпе ауруына шалдыққан жандарға арналған санаторий ашылғаннан кейін, соған байланысты 8 жылдық мектеп жабылды. Бәріміз жан-жаққа, интернатқа оқуға кеттік. 2008 жылы Шетпе кентінің әкімі марқұм Жиенай Албытовқа қолқа салып, Тұщыбектен өнер мектебінің филиалын ашуды сұрадым. Сөйтіп, өнер мектебінің филиалы ашылды. Сөйтіп 3 жылдай қаладан қатынап жүріп, Тұщыбектің кішкентай бүлдіршіндеріне күй үйреттім, Хадиша Балапашева қобыздан сабақ берді. Осы жасқа келгенше, даланың баласын оқыттым, ендігі ойым туған жеріміздің балаларын өнерге баулып, қол ұшын тигізсем деген мақсат болды. Жиенай әкім Ақшымырау, Қызан сияқты 7-8 ауылдан домбыраның филиалын ашуға көмектесті.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Жаңаөзенде 3000 түп ағаш отырғызылды- Күй күдіреті бөлек, әр өңірдің өзіне тән күйі бар. Қазіргі заманда шығып жатқан жаңа күйлер туралы не айтар едіңіз...
- Күй – философия, адамның жан толғанысы, тебіренісі. Күй – күрделі жанр. Күй – өмір, күй – ғұмыр, күй – тағдыр. Заманына, тіршілікке, болмысқа қарай туындайтын философиялық шығарма. Күйдің тууы ішіп отырған суың мен жұтқан ауаңа, тұрған жеріңе, бәрі-бәріне байланысты. Адам толқығанда, тебіренгенде, қуанғанда, қайғырғанда күй туады. Күй – сөз, жан дүниеңмен айтқан әңгіме. Құрманғазының «Кісен ашқан» күйін тыңдасам, ХІХ ғасырды көргендей боламын. Сүгірдің «Қосбасарын» естісем шапан киген аталар, көрісу мерекесі, айт тойы, қойдан келе жатқан жайма шуақ сәтті елестетемін. Бала күнімде жазда жайлауға шыққанда түйемен кетіп бара жатып, Ман атаның үстіне шыққанда биік тауларды көріп отыратынмын. Сол тауларға деген сүйіспеншілігім, туған жерге деген сағынышымнан «Маңғыстау» деген күйім дүниеге келді. Әбіш Кекілбайұлының 70 жылдығында «Абыз аға» күйім дүниеге келді, ансамбльге арнап «Ақжарма-Ақжелең» күйім шықты. Кішкене баланың еркелігі мен былдырлаған тілі көз алдыма келіп, «Балдырған», «Шаттық» күйлерім шықты. Динаның «16-жыл» деген күйінде 1916 жылы жасы жетпеген 16, 15-тегі жігіттерді 18-де деп жаздырып, қинап, әскерге жібергені мұңды суреттеледі. Бұрын жазда жайлауға шығып киіз үйде ұйықтаймыз, шұбат ішеміз, жылқыға мініп шабамыз, осының бәрін көріп өстік. Қазіргі жас буын оны түсінбеуі мүмкін, себебі сол заманда өмір сүрген жоқ. Қаладағы көп қабатты биік үйлерде, төрт қабырғада тұрып, даңғырлық музыка тыңдап, үнемі уақыт жетпей, асығып жүретін заманда осындай тез, жылдам орындалатын этюд сияқты қыбыр-жыбыр, адуынды, кейде ұғынықсыз күйлер танымал болып кетеді. Бірақ ол үшін қазіргі күйшілерді кінәлап болмас, заманның ағымына сай туындап жатқан шығармалар ғой. Қазір кейбір күйді тыңдап отырсаң не айтып жатқанын ұқпай қаласың. Өкінішке қарай, мұндай түсініксіз күйлер жетерлік. Бәлкім келесі ғасыр мұны ұмыттырар.
(Бейнежазбада - Роза Айдарбаева, Тайманның күйі - "Наурыз")
https://www.youtube.com/watch?v=KcBYaCxxHTAСұхбаттасқан Айгүл ДӘДЕН Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН