©
Жыл сайын өткізілетін «Қазақстан Республикасының үздік мемлекеттік қызметшісі» республикалық конкурсына еліміздің түкпір-түкпірінен 450 мемлекеттік қызметші қатысуға ниет білдірді, - деп хабарлады Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметі.
Мемлекеттік қызметтің беделін көтеруге бағытталған конкурсқа өтініш қабылдау 15 наурызда аяқталып, кеше өңірлік комиссияның алғашқы отырысы өтті. Ведомствоның хабарлауынша, конкурсқа Маңғыстаудан 27 үміткер өтініш білдірген. Олардың 16-сы басқарма, бөлім басшылары, 11-і бас маман. 14 үміткердің 2 және одан да көп жоғары білімі болса, 5 үміткердің магистрлік дәрежесі бар.
"Құжат тапсырған үміткерлердің арасында «Болашақ» бағдарламасы бойынша Ұлыбританияның Ноттингем университетін тамамдаған және Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясын тамамдаған мемлекеттік қызметшілердің бар болуы қуантарлық", - деп атап өтті департаменттің баспасөз қызметі.
Республикалық конкурстың бірінші кезеңінде қатысушылар 5 құжат бойынша тесті тапсырады. Жалпы 100 ұпайдың 50-ден жоғарысын жинаған үміткер келесі кезең - өңірлік конкурстық комиссия мүшелерімен әңгімелесуге жіберіледі.
Департаменттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бірнеше облыста су басу қаупіне және төтенше жағдай енгізілуіне байланысты шалғайда орналасқан аудандардағы қызметшілердің келуі қиындағандықтан, тестілеу 7 сәуірге ауыстырылған.
Үміткерлер конкурс жөніндегі толық ақпаратты 8 (7292) 303654, 8 (7292) 303644 телефондары бойынша ала алады.