«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Маңғыстау облысы бойынша аймақтық филиалынан Мұнайлы ауданының тұрғыны, екінші топтағы мүгедек Мәрзия Кадырчаева арнайы көмекке ие болды. «Даму-Көмек» бағдарламасы аясында Мәрзияға Jaguar RX-390 маркалы жоғары сапалы тігін машинасы сыйға берілді.
Денсаулығына байланысты жұмысқа орналаса алмаған ісмер әйел үйде қол қусырып қарап отырмай, тігін тігу ісімен айналысып, өз кәсібін өрге бастыруға жұмыстанған. Осылайша, тұрмысқа қажетті төсек-орын жабдықтарын, көрпе және жас сәбилерге арналған киімдер тігуді қолға алған.
- Арнайы тапсырыстар алып, тапқан табысыммен отбасымды асырап отырмын. Өзімнің тігін машинам жұмысқа жарамсыз болып қалғандықтан, тапсырыстар алуды баяулаттым. Бір күні басылым беттерінен «Даму-көмек» бағдарламасы жайында оқып, осы мүмкіндікті пайдаланайын деп, жағдайымды айтып хабарластым. Араға көп уақыт өтпей жеке кәсіпкер Күнсұлу Худайбергенқызының маған Jaguar RX-390 маркалы жоғары сапалы тігін машинасын алып беретінін айтты. Менің өтінішімді жерге тастамай көмек көрсеткен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорына және кәсіпкер ханымға алғыс айтамын,-дейді Мәрзия Кадырчаева.
Жалпы «Даму-көмек» бағдарламасы арқылы осы уақытқа дейін облыста 70 мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерге көмек көрсетілген.
Венера МИРЛАН